Бойшаң сарбаз Аягөз қаласындағы танк әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуде.
Қарулас достарының арасынан бойшаңдығымен бірден көзге түсіп, 45-ші өлшемдегі аяқ-киім киетін қатардағы жауынгер Дмитрий Шапулов әскери борышын өтеуге келгеніне екі ай ғана болса да шымыр денесімен ширақ қимылдап, өз ортасында ерекшеленіп отыр. Өз сұхбатында Дмитрий бойының ұзындығы әскери ортада еш ыңғайсыздық тудырмайтынын айтып, керісінше спорттық нормативтер орындау мен жауынгерлік дайындықта, ұрыс қаруларынан ату кезінде пайдасын тигізгенін айтты.
Бүгінде Аягөз қаласындағы танк әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонында борышын өтеп жүрген бойшаң сарбазды байқау бізге де қиындық тудырмады. Топ ішінен менмұндалап тұратын қатардағы Дмитрий Шапулов Атырау қаласынан биыл күзде әскерге алынған. Өзінің айтуынша, оның бойы мектеп қабырғасынан бастап жылдам өсе бастаған. Жасы небәрі он тоғыздағы жас жауынгердің бойы бүгінде 2 метр.
– Менің бойым мектепте, колледжде оқығанымда да ұзын болып, барлығынан биік болдым. Соған байланысты баскетболшылар командасында да ойнадым. Отбасымызда әкемнің бойы 197 сантиметр, шамасы мен сол кісіге тартқанмын. Себебі анамның бойы аласа. Жалпы бойымның ұзын болғаны өзіме ұнайды және еш қынжылтпайды мені, – деді қатардағы жауынгер Дмитрий Шапулов.
Айта кететін бір қызық жайт Дмитрий әскери бөлімге алғаш медициналық тексеруден өтуге келген шағында медбикелер оның бойы өлшейтін құралдан асып түскенін, артынша әскери медбикелер амалын тауып орындықтың үстіне шығып өлшеген.
Қатардағы жауынгер әскерге келгеніне еш өкінбейді. Әскери қызметті ол барлық ер азамат міндетті түрде өтеуі тиіс өмір мектебі дейді. Осында бір жыл ішінде үйренетін және алатын білімі өмір бойы қажет болады деп біледі.