Бүгін — Астана күні

265
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден

6 шілде астаналықтар ғана емес ел тұрғындары да елорда күні мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі, Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. 

Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 

Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен. 2024 жылғы 1 мамырға қала халқының саны 1458,1 мың адамды құрады. Халықтың табиғи өсімі 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 7556 адамға жеткен. Ал биыл қаңтар-сәуірде елордада 9441 сәби дүние есігін ашқан. 

2019 жылы 23 наурызда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Араға екі жыл салып, 2022 жылғы 17 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елордаға «Астана» атауы қайта берілді. 

«Астана күні» жыл сайын мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтеді. Биыл да елорда әкімдігі қала күніне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырып отыр.