Бүгін Қытайдың Ухань қаласында өткен VII Бүкіләлемдік әскери ойындарда үш қарғып секіруде топ жарған жерлесіміз Ольга Рыпакованы облыс орталығында қарсы алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Спортшыны әуежайда жанкүйерлері, қолдаушылары мен мемлекеттік қызметкерлер ыстық ықыласпен қарсы алды. Танымал спортшыны зайыбы, қазірде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков оны алғаш болып қабылдап, гүл шоқтарын табыс етті.
– Осындай жарысқа тұңғыш рет қатысуым. Біріншіден, ел намысын қорғап, Аспанасты елінде өнер көрсеткеніме қуаныштымын! Қолдауын аямаған қалың жанкүйеріме алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп қуанышымен бөлісті жарыс жеңімпазы. – Шыны керек, бәсекелестік мен ойлағаннан жоғары өтті. Мұндай жарыста болып көрген отандастырымыз казармада тұрып, нағыз әскери өмір тәртібін көріп, соған сай тамақтанғандықтарын айтқан еді. Ал мен тап бір Олимпиадалық жарыста бақ сынағандай әсерде болдым.
Жеңіл атлетиканың ханшайымы атанған жерлесіміз 14,19 метрге қарғып, үздік атанған. Бұл жолы бағы мен бабы қатар шапты десек қапы айтпағанымыз. Ал қойған жоспарына келер болсақ, жуық арада Токиода өтетін төртжылдықтың басты бәсекесіне әзірлік бастайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік әскери ойындар төрт жылда бір рет өткізіледі. Биыл Қытайдың Ухань шаһарында өтіп, оған 109 мемлекеттен спортшылар келіп, өзара шеберлік байқасқан-ды. Сондай-ақ жүлделі орындарды сарапқа салуға келген атлеттер саны 9300-ге жетіп, бұрын соңды болмаған көрсеткіш тіркелді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фото авторы: Анна Булгакова