Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда талқыланып, мақұлданды, деп хабарлайды, Buqara.kz сайтының тілшісі.
Заң Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ҚР Парламенті депутаттарының бастамасымен әзірленді.
«Заң аясында 7 кодекске және 14 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізімін нақтылау бойынша тиісті нормалар енгізілген. Бұл тұрғыда 21 жасқа толмаған азаматтар, құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға өзіне шектеу қойғандар, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелері орындалмаған әрі борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдар, сондай-ақ құмар ойындарға қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаған адамдар ескерілген», - деді сенатор Әсем Рахметова.
Екіншіден, құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі белгіленіп, консультациялық медициналық бақылау енгізілген. Үшіншіден, ұялы байланыс операторларына электрондық казино, интернет-казино, құмар ойындар, бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды жіберуге тыйым салу қарастырылған.
«Мұнымен қоса, лотерея билеттерін тек лотерея операторы және агенті арқылы ғана тарату жөніндегі талаптар белгіленген. Сонымен қатар, лотерея билеттерін тарату, өткізу орындары нақтыланды. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға әрі терминалдарын орнатуға тыйым салынған. Ғимараттарда, көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино және анықтамалық қызмет көрсетудегі сыртқы жарнамада букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған. Қазақстан Республикасының аумағында лицензиясыз шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарын қызметіне тыйым салынған», - деді депутат.
Атап айтқанда, заңда букмекерлердің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету ескерілген. Ұтыстарды төлеу, әрбір қатысушы және қабылданған ставкалар туралы ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау функциялары бар бағдарламалық қамтамасыз ету ретінде бірыңғай есепке алу жүйесінің (БЕАЖ) қызметін регламенттейтін түзетулер енгізілді.
«21 жасқа толмаған адамдарға тікелей немесе сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, механикалық құрылғылар арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу көзделген. Мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан еңбек жөніндегі орталық уәкілетті органға беру ескерілген. Ал «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңында ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр», - деді Әсем Рахметова.