Бұқтырма кентінде демалыс базасындағы үйлерді жалға берген алаяқ ұсталды

347
көрілім
Шартты фотосурет

Қараша айының 8-14 аралығында облыс аумағында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «Hi-tech» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері тегін хабарландыру сайтының көмегімен алаяқтықпен айналысқан 26 жастағы облыс тұрғынын ұстады.

- Бұқтырма кентіндегі демалыс базасындағы үйлерді жалға беремін деп алдау жолымен ақша алған. Сөйлесу барысында алаяқ жазғы кезеңде үлкен сұраныс болатынын айтқан. Демалыс орнын жоғалтқысы келмеген жәбірленушілер ақшаларын банк карточкасына алдын ала жібергендерімен, кейін алаяқ клиенттерімен байланысқа шығуды тоқтатқан, - делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл әйелдің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Жүргізілген шараның қорытындысына сәйкес 13 қылмыс анықталып тіркелді, бұрын жасалған 42 интернет-алаяқтық ашылды, құқыққа қарсы контенті бар 76 сайт бұғатталды.

Полиция департаменті басшылығы алаяқтардың айла-амалдарына бой алдырмауға, интернет желісі арқылы күмәнді сатып алулар мен мәмілелер жасамауға шақырады.

- Сізге қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасалған жағдайда, «102» жедел арнасына дереу хабарлауыңызды сұраймыз, - дейді мамандар.