Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 60,5%-ға толды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ертіс бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ернар Мәдиевтің айтуынша, бүгінгі таңда жасанды су айдынының толу деңгейі – 60,5%.
«Су қоймасының бос көлемі 19,748 текше км суды құрайды. Болжам бойынша, алдағы үш айда 14 текше км-ге дейін су келеді деп күтілуде. Жалпы, жағдай тұрақты әрі үнемі бақылауда», - деді ол.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі барлық гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалпы ақпан-наурыз айларында жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралар 100%-ға орындалды.
Мамандар ұзындығы 135 шақырымды құрайтын 72 арнаны, ұзындығы 376 шақырым 448 арықты, автомобиль жолдарындағы 3696 су өткізу құбырын, 447 көпірді қардан тазартты. Облыстағы көлік және теміржолдары бойынша қатынас үзілген жоқ.