Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің 21 тірегі толықтай тұрғызылды

134
көрілім
Фотосуреттер primeminister.kz сайтынан

Облыс халқы, әсіресе шекаралас бірнеше аудан тұрғындары үшін стратегиялық маңызы зор көпірдің құрылысы 2021 жылы басталған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде мердігерлер негізгі көпірдің 21 тірегінің құрылысын аяқтап, жұмыс көлемінің 100%-ын орындады. Сондай-ақ 20 аралық құрылымның 17-і салынды. Ресми мәліметті «Өңірлік коммуникация қызметі» алаңында өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Алмас Қасенов ұсынды. Жауапты тұлғаның айтуынша, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің жалпы ұзындығы 19,9 шақырым, оның ішінде көпірге баратын жол – 18,5 шақырым. Ал көпірдің жалпы ұзындығы – 1,3 шақырымды құрайды. Аталған құрылыс жұмысының басты ерекшелігі – ашық су өткелінің ұзындығы 1,2 шақырымнан асады, ал су бетінен көпір астына дейінгі қашықтық 18 метрден 25 метрге дейін жетеді. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстандағы ең ұзын көпір облыстың шалғай елдімекендерін бір-бірімен байланыстыратын болады. Бұған дейін межелі жерге жету үшін жұрт жылдар бойы паром арқылы қатынап жүрген еді.
Қазіргі таңда құрылыс қарқынын жеделдету үшін көпірді оң және сол жағынан қатар салып жатыр. Жоба аясында ұзындығы 18,5 шақырым болатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған.
- Көпірдің оң жағалауы – 1,3 шақырымды, ал сол жағалауы – 17,2 шақырымды құрайды. Оң жағалауда, Күршім ауданында мынадай жұмыстар атқарылды: төрт бірдей су өткізгіш құбыр тартылды. Құм-қиыршық тас қоспасынан ұзындығы 1,3 км болатын жол төселіп, жақтаулар мен баспалдақтар орнатылды, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы өкілі.
Ал сол жағалау – Самар ауданында 16 су өткізгіш құбыр тартылып, құм-қиыршық тас қоспасы мен геотекстильден ұзындығы 16,6 км жол төселді. Құрылыстың төменгі қабаты қиыршық тас-құм қоспасынан 11 шақырымды құрайды, 8 шақырымға ірі асфальтбетон салынып, желілер мен технологиялық жолды ауыстыру жұмыстары орындалды.
Алмас Қасеновтың ақпаратынша, көпір құрылысы үшін бетон араластырғыш, асфальтбетон және тас ұнтақтайтын арнайы құралдар бар, құрылыс тасын өндіретін карьер де жұмыс істеп тұр. Учаскедегі жұмыстар кестеге сай орындалып келеді. Жалпы, көпір құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, былтыр қаржы тапшылығына байланысты құрылысы аяқталмаған көпір  облыстық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткен болатын.