Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында мобильді құтқарушылар бекеттері жұмыс істейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ТЖД мамандары шомылу маусымы қарсаңында жағажайлардың жай-күйін тексерді. Құтқарушылар суға түсуге рұқсат етілген учаскелердің бекітілген шектерінің, батып бара жатқан адамға көмек көрсету үшін арнайы медициналық және құтқару бекеттерінің болуына баса назар аударды.
ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дәурен Ағажаев демалыс орындарының иелері «Су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру туралы» ережелерді қатаң басшылыққа алуы тиіс екенін айтты.
«Осы жылы тексеру қорытындысы бойынша облыс аумағында 6 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Оның ішінде 2 Алтай ауданында, 2 Өскеменде, 1 Ұлан ауданында және Риддер қаласында. Бұл жағажайларда әзірге тек дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, аумақты тазарту, су айдындарының түбін тексеру, құтқарушыларды кезекшілікке үйрету, медперсоналға арналған бекеттерді жасақтау және құтқару құралдарын сатып алу. Қазіргі уақытта өңір әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша Шығыс Қазақстанда шомылуға арналған 22 учаске бекітілген. Ал 74 жерде суға түсуге тыйым салынған», - дейді ол.
Жаз кезінде Бұқтырма су қоймасында құтқарушылардың мобильді бекеттері жұмыс істемек. Департамент мамандары демалушыларды тек жабдықталған жағажайларда шомылуға шақырды.
ШҚО ТЖД мәліметінше, облыстың су айдындарында былтырғы жазда 6 адам суға батып кеткен. Барлық оқиға шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында болды.