Бұқтырма су қоймасындағы көпір күзде салынып бітеді

143
көрілім

Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын "Қызыл ту" өткелінде салынып жатқан көпір құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

ШҚО Ақпараттық орталығының мәліметіне сүйенсек, көпір күз мезгілінде толық салынып болған соң бұрын сағаттап өтуге тура келген қашықтықты тура төрт минутта жүріп өтуге болады. Бұл Шығыс Қазақстан облысының алты ауданының тұрғындары үшін тарихи оқиға. Тұрғындар көпір салынуын 50 жылдан астам уақыт күтті. Адамдардың Бұқтырма су қоймасының бір жағасынан екінші жағасына жетуінің тек үш жолы болды - паром, мұзды кесіп өту және жеңіл көліктер үшін 570 шақырымдық, жүк көліктері үшін 750 шақырымдық айналма жол.

- Бұқтырма су қоймасы әлемдегі ең ірі бес су қоймасының бірі. Ал Қазақстандағы ең үлкен жасанды су қоймасы. Шығыс Қазақстан үшін бұл әрі қарай дамытуды қажет ететін үлкен туризм кластері. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жаз кезінде жағалауға 15 мыңнан астам турист келеді. Көпір бірінші кезекте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Түрлі тауар бағасы да реттеледі, себебі бұрын барлық тауардың бағасына паромды тасымалдау құны кіретін. Көпір арқылы көлік қозғалысының іске қосылуы Қытай мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымын да жақсартады», - делінген мәліметте.

Бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болайын деп тұр. Оның ұзындығы – 1316 метр. Барлық құрылыс жұмыстарын шығысқазақстандық көпір салушылар жүргізуде.

«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың көлікті құрайды. Бірақ оның экономикаға, логистикаға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейіне әсері әлдеқайда маңызды. Құрылыс жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында», - делінген хабарламада.