Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпірдің құрылысына жемқорлыққа қарсы қызмет мониторинг жүргізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпірдің құны жыл сайын миллиардтап өседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осының себебіне үңіліп көрді ме? Осы факті бойынша тексеру жүргізесіздер ме?» - деп сұрады журналист брифингіде.
Агенттіктің ресми өкілі қазір аталмыш нысанның құрылысына байланысты заңға қайшы факті тіркелмегенін айтты.
«Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірге байланысты айтсақ, бұл нысанға мониторинг жүргізіледі. Мониторингте бар. Одан кейін қаражатының жылда өсуіне байланысты, біз де ол ақпарат туралы білеміз. Бірақ тексеру жүргізілді ме, жоқ па, оны анықтау керек. Әзірге ешқандай заң бұзу фактісі анықталған жоқ. Негізі осы уақытқа дейін ешқандай бұзушылық болмаған», - деді Армен Тілеукенов.
Айта кету керек, бұл жобаның бастапқы құны 30,2 млрд теңге болған. Кейін құрылыс материалдары құны өсті деген негіздемемен жобалау-сметалық құжаттамасы түзетіліп, жобаның құны 61,4 млрд теңгеге ұлғайтылған.