Бұқтырмадағы көпір 2024 жылдың соңында сынақ режимінде іске косылмақ

201
көрілім
Фото: massaget.kz сайтынан

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы республикалық бюджет есебінен салынуда. Құрылыс жұмыстары ауа райының ыңғайына қарай жалғасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің ұзындығы - 1316 метр. Ол Күршім өңірімен жыл бойы қауіпсіз барыс-келісті қамтамасыз етеді. Жобаның құны 61,4 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда оның 27,4 млрд теңгесі игерілді. Жоба екі рет қайта қаралды. Себебі алғашқы ретте кірме жолдарды салу шығындары енгізілмеген. Екіншісінде 2022 жылы барлық материалдың, әсіресе металл құрылымдары мен арматуралардың бағасы күрт өсуінен тағы да түзетулер қажет болды. Заңға сәйкес, бұл жағдайда барлық қаражат ШҚО бюджетіне түскен. Қазір осы жобаны облыс қаржыландыра алмағандықтан, салынып жатқан көпір республикалық меншікке берілді.
- Жол комитеті жыл соңына дейін құрылысқа 5 млрд теңге бөледі. Облыстық бюджеттен тағы 3 млрд қарастырылған.  Қаражат болмаған кезде мердігерлер тоқтамай, несие алып жұмыс істеген. Енді ақша түскенде құрылысшылар көпір аралығын сатып алып, жұмыстарын жалғастырады. Оларды Ресейдің Қорған қаласында жасайды, - деді ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Қазіргі уақытта барлығы 20 болатын көпір аралығының 6-ы  орнатылған. 2024 жылы қаражат толық игерілсе, көпір жыл соңына дейін сынақ режимінде іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Келісімшарт бойынша құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың бірінші жартысында болуы керек. Бұқтырма көпірі толық іске қосылған соң, Қызыл Ту өткелінде қатынап етіп жүрген паромдар тоқтайды. ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жоспарына сәйкес, Васильевская және Октябрьская паром өткелдері қалпына келтіріледі.