Көлік министрі Марат Қарабаев Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салынып жатқан көпір Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы Жарма, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан, Алтай аудандары арасындағы көлік құралдарының үздіксіз қозғалысы үшін маңызды нысан.
- Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты көпір Шығыс өңіріне жаңа индустрияларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін объект. Оның ұзындығы 1316 метрді құрайды. Сондықтан аталған жобаның стратегиялық маңызы зор. Көпірдегі 21 тіректің 18-і салынып, қалған үш тірек бойынша жұмыстар жалғасуда. Оны белгіленген уақытта пайдалануға беру үшін инженерлік желілер тартылып, арнайы айлақ, жиынтықтаушы бөлшектерді дайындауға арналған уақытша құрылыс алаңдары жұмыс істейді, - деді Марат Қарабаев.
Көпірдің салынуын жеделдету үшін екі жақ шетінен бір мезгілде құрылыс басталды. Оған 200-ден астам адам жұмылдырылған.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта технологиялық көпірдің құрылысы толықтай аяқталған. Кірме жолда жер төсемін орнату және құм-қиыршық тас төсеу жұмыстары мәресіне жеткен.
- Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін қажетті материалдар дайын. Учаскедегі жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуде, - делінген хабарламада.