«Бұл рекорд»: Өскеменде өтіп жатқан республикалық чемпионатқа 300-ден астам спортшы қатысуда

123
көрілім
фотосурет автордікі
Облыс орталығында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтуде. Мергендер бәсекесі үш жас ерекшілігі бойынша өрбіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.
 
Сайыс шілде айының 7-не дейін жалғасады. Аталған жарысқа шығысқазақстандықтардан бөлек, Астана, Алматы қалаларынан, Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарынан мергендер келіп қатысуда. Бүгінгі жарыс күнінің өзінде олар ұлттық киімді насихаттау мақсатында оюлы шапандар киіп, сайыс көркін қыздырды. 
Қазақстан Дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметовтің айтуынша, жарысқа  300-ден аса спортшы келіп қатысуда.
- Бұл біз үшін қуантарлық жәйт. Рекорд деуге болады. Жарыс бұл өңірде садақ ату өнерінің дамуына тың серпін береді деген сенімдемін. Осы өңір тамаша табиғатымен ғана емес, ұлттық құндылықтарға бай қонақжай халқымен, садақ ату өнеріне деген қызығушылығы басым талантты спортшыларымен бізді тәнтті етті, - деді ол.
Аталған чемпионат республика бойынша осымен 3-ші рет қолға алынды. 
- Алғаш рет 2022 жылы Маңғыстау өңірінде өткізген болатынбыз. Бүгін міне, соның жалғасы ретінде Өскеменге ат басын тіредік. Барлығы өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Садақшыларымыз  5-інші дүниежүзілік «Көшпенділер» ойынына дайындықты бастап кетті. Айта кетейік, еліміздің намысын қорғауға Шығыс Қазақстаннан өңірінен Ажар Төлеуханова қатысады, - деді вице-президент.
Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі: Пута нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік), Қалқан нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік) және Жамбы нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік). Жас ерекшіліктеріне байланысты әр нысананың арақашықтары әртүрлі. Тарқатып айтсақ:
7-9 жас – 10 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
10-12 жас – 15 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
13-15 жас – 20 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
16-17 жас – 25 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
 
Дәстүрлі садақ атудан ел біріншілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы тізе қосып ұйымдастырылды. 
- Өскеменде осындай аламан алғаш рет өтіп отыр. Бұл біз үшін және аймағымыз үшін де қуанарлық жәйт. Барлығы ойлағанымыздай өтіп жатыр. Алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде өткізу ойымызда бар, - деді «Oskemen sadaq atu» федерациясының  президенті Ажар Рахметқызы.
Айта кетейік байрақты бәсекеде 7 жастан 17 жасқа дейін жасөспірімдер бақ сынайды.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ