Шығыс Қазақстандағы туризм саласының мамандары жол бойындағы әжетханалардың жағдайы туралы дабыл қағуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жөнінде Өскеменде өткен ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті депутаттарының отырысында айтылды. Қазақстан туристік қауымдастығының төрағасы, қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова жол бойында орналасқан дәретханалардың сапасы сын көтермейтінін жеткізді.
- Жуынатын бөлмелер өте нашар жағдайда. Кәсіпкерлер дәретхана құрылысына мемлекеттік қолдау көрсетуге былтыр 4 өтініш берсе, биыл саны алтауға жетті. Айына 83 мың теңге бөлінеді. Мұндай аз санның өзі кәсіпкерліктің бұл процеске қызығушылық танытпайтынын көрсетеді, - деп атап өтті Рашида Рашидқызы.
Сондай-ақ қауымдастық президенті көптеген аймақтарда туризмді дамыту мәселесі соңғы орында тұрғанын жеткізді.
- Бүгінгі күні туризм бөлімдері кәсіпкерлік мәселелерімен айналысатын бөлімге қосылып, қызметкерлер саны азаюда. Бұл атқарылатын жұмыс сапасын төмендетеді. Бізде бірде-бір туристік фирмасы жоқ өңірлер кездесуде. Жол жағдайы қуантпайды, - деді ол.
Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп аталған тақырыптардың назарда екенін жеткізді.
- Қазақстанның қай аймағында болсын бұл өте үлкен мәселе. Жол бойындағы дәретханалардың көп жағдайда ойдан шыға бермейтінін көріп жүрміз. Осы мәселелерді реттеу және шешу біздің назарымызда, - деді жауапты тұлға.
Қымбат МУХАМАДИЕВА