ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесуінде полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді.
«Полицейлерді батыс елдеріндегі секілді халықпен сыпайы сөйлесуге үндеп жатырмыз. Өзіне жүгінген әр азаматтан «Қалыңыз қалай?», «Сізге қалай көмектесе аламын?» деп сұрап, айтқан мәселесін мұқият тыңдай білуі шарт. Бірақ сақшылар шын ықыласымен дәл осылай сөйлесуі үшін оларға тиісті жағдай жасалуы тиіс. Егер үйі жоқ, жалақысын уақтылы ала алмай, ауыр жүктемеден шаршап жүрген болса онда бірдеңе талап ете де алмайсың», - деді министр.
Оның айтуынша, сондықтан полиция қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсартуға, жұмыстарын жеңілдету мақсатында бірқатар шара атқарылуда. Мәселен, есеп толтыру секілді керексіз жұмыстар алынып тасталуда.
«Бұрын полицейдің жұмыс уақытының 50%-ы қағаз толтыруға кететін. Бұл үстінен қарайтын басшылыққа есеп беру үшін жасалатын. Ал қазір ондай жоқ. Осы уақытты ол халықпен жұмыс істеуге жұмсаса әлдеқайда тиімді. Бірақ бір күнде бәрін өзгерте салу мүмкін емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», - деді Марат Ахметжанов.