Бұрынғы пәтер иесінің қарызын менің төлеуім орынды ма?

625
көрілім
Жақында пәтер сатып алған едім. Бұрынғы иелерінің пәтер иелері кооперативіне (КСК) деген қарызының қомақты екенін артынан бірақ білдім. Пәтер иелері кооперативі төрағасы бұрыннан келе жатқан қарызды менің төлейтінімді айтып отыр. Пәтердің бұрынғы иелерінің қарызын жаңа иесінің төлеуі қаншалықты заңды?

Азат, Өскемен қаласы

Сіздің сұрағыңызға Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Әсет Курумбаев жауап берді:

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» заңының 1-бөлімінің 7-бабына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды. Сәйкесінше, пайдалану жарналары бойынша аударымдар жылжымайтын мүлікке (пәтерге) құқық тіркелген күннен бастап жүргізіледі.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 50-бабына сәйкес, үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерi кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға қатысуға міндетті. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар ай сайын жүргізіледі. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың мөлшері үй-жайдың (пәтердің) меншік иесінің ортақ мүліктегі үлесіне мөлшерлес белгіленеді. Үй-жайлардың иелерi жалпы шығыстар шотына мiндеттi төлемдердi кешiктiрген ретте мерзiмiнен асқан әрбiр күн үшiн келесi айдың алғашқы күнiнен бастап қарыз сомасына заңдарда белгiленген мөлшерде өсiм есептеледi. Үй-жайлар (пәтерлер) иелерi кооперативiнiң мүшесi берешегiн белгiленген төлем уақытынан кейiнгi үш айдың iшiнде орынды себепсiз өтемеген ретте кооператив қарызды күштеп өндiрiп алу туралы сотқа жүгiнуге құқылы. Берешекті өтеу жөніндегі талапқа талап қою мерзімі қолданылмайды.

Қоса кетсек, Өскемен қаласы әкімдігінің «Іс басқару» ҚМКК филиалының хабарлауынша, бүгінгі таңда облыс орталығы тұрғындарының пәтер иелері кооперативтерінің алдындағы берешегі 238,337 миллион теңгені құрайтын көрінеді.