Cемейде алдағы 5 жылдың ішінде кезекте тұрғандардың барлығы баспаналы болады

388
көрілім

Семей қаласында алдағы 5 жылдың ішінде кезекте тұрғандардың барлығы баспанамен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қала әкімі Ермак Сәлімов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде шаһар бойынша тұрғын үй кезегінде 10 739 адам тұр.

- Бес жылда барлығына баспана беру жоспарланып отыр. Қалада құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы ретте, Қарағайлы шағын ауданын атап өтуге болады. 2019 жылы кезек күткен 210 адам қоныс тойын тойлаған еді. Оның ішінде 103 көпбалалы отбасы, 27 жетім бала және 86 адам әлеуметтің әлжуаз тобынан. Сонымен қатар өткен жылы 15 дәрігер мен 18 құқық қорғау органдарының қызметкері пәтермен қамтамасыз етілді, - деді әкім.

Ермак Сәлімов өз сөзінде кезекте тұрғандарға баспана беру үшін Қарағайлы шағын ауданын дамытудың бас жоспарына түзету енгізілгенін, дәлірек айтқанда аумағы тағы 90 гектарға кеңейтілгенін айтты. Бүгінде мамандар осы мақсаттағы 92 жобаны әзірлеуге кірісіп кеткен.