Семей қаласында құтқарушылар жоғалып кеткен 19 жастағы қызды іздестіруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 мамыр күні үйден шыққан 2000 жылғы қыз сол күйі қайтып оралмаған. Туған-туыстары оны іздеп таба алмаған соң, полицияға қоңырау шалды.
- Іздеу жұмыстарына 7-ші құтқару бөлімшесінің қызметкерлері мен сүңгуірлер тартылды. Сүңгуірлер тереңдігі жеті шақырымға жететін өзенді шарлап шықты. Бүгінде олар Ертіс өзенінің жағалауын аспалы көпірден бастап қарауда. Сондай-ақ құтқарушылар моторлы қайықпен барлық аралдарды тексеруде, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, Айым есімді жоғалған қыздың бойы 165 см, көзі қоңыр, шашы сары. Үстінде қара жемпір мен джинсы шалбар болған. Оның қайда екендігі жайлы қандай да бір ақпарат білгендер 8 7222 569717 немесе 102 нөміріне хабарласуы қажет.