Чернобыль АЭС-де радиациялық апат орын алғанына - 32 жыл

511
көрілім

1986 жылдың 26-сәуір күні Украинаның Чернобыль атом электр станциясында адамзат тарихындағы алапат апаттың бірі орын алған болатын. Бір сәтте мыңдаған адамды баспанасы мен дүние-мүлкін тастап кетуге мәжбүр еткен техногенді апаттың салдары әлі де сезілуде. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес! Өйткені аталмыш апатты ауыздықтауда Қазақстан мемлекеті де қалған емес. Бір Тудың астына біріккен 15 мемлекеттің бірі ретінде еліміз өзінің басты капиталы - адамдарын апат орнына жіберіп, қомақты көмек көрсетті. Бүгінде осынау ірі апаттың зардабын облысымызда мыңнан аса азамат тартып отыр. Тарих парағына айналған оқиға жылдар өтсе де сырын әлі күнге дейін берген емес. Денсаулығы мен өмірін қия отырып, бауырлас украин халқының басына қауіп төнгенде жандарынан табыла білген жерлестеріміз жайлы бұл жолы да жазып өтуді жөн көрдік.

Оқиға қалай болды?

Жылу режимінің сақталмауы салдарынан түнжарымда болған жарылыс АЭС-тің төртінші блогындағы реактордың күлін көкке ұшырып, ғимараттың шаңырағын ортасына түсірді. Жарылыс ошағында болған екі адамнің бірі сол сәтте өртеніп кетсе, омыртқасы опырылған екінші жұмысшы таңға жуық ауруханада көз жұмды.

Оқиға орнына алғашқы болып жеткен өрт сөндірушілердің екі бригадасы қызыл жалынмен арпалысқа түсті. Майор Леонид Телятников бастаған өрт сөндірушілер бет қаратпайтын жалын әсерінен противогаздарының резинасы беттеріне жабысып, оны шешіп тастап жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қорғаныш киімнен тек брезент күрте, қолғап пен каскадан басқа ештеңелері жоқ өрт сөндірушілер таңғы сағат төртте машина блогындағы өртті бәсеңсітіп, таңғы сағат алтыға қарай толық сөндіреді.

Қызыл жалынмен етқызуда арпалысқан құтқарушылар радиация әсерін бірнеше сағаттан соң ғана сезіне бастады. Бастары айналып, жүректері лоқсыды, қол-аяқтарынан ядролық күйіктер байқалды. Бастапқыда оларға жергілікті медициналық пунктте көмек көрсетілді. Радиация сіңген киімдері медициналық пункттің жертөлесіне апарылды. Бірнеше сағатта жергілікті фельдшерлер де радиация мөлшерін шектен тыс көп мөлшерде алып үлгерді. 27 сәуір күні жағдайлары төмендеген 28 өрт сөндіруші ұшақпен Мәскеудегі радиологиялық ауруханаға жөнелтіледі. Жарылыс болған жерге алғашқы болып жеткен өрт сөндірушілердің басым бөлігі бірнеше айдың ішінде сәуле ауруынан көз жұмды. Ең көп радиация дозасын алған Леонид Телятниковтың өзі сол жылы Ұлыбританияда жұлынына ота жасатып, аман қалды.

Тек 36 сағаттан соң ғана Припять қаласының радиосы жергілікті тұрғындарды межелі жерге жиналуға шақырды. Радиоактивті ластану деңгейі зерттелген соң іргедегі Припять қаласын түгелдей қауіпсіз аумаққа көшіру туралы шешім қабылданды. Апаттан кейінгі алғашқы күні 10 шақырымға, ал кейінгі күндері 30 шақырымға дейінгі елді мекен тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өзімен бірге заттарды, ойыншықтарды, тіпті үй жануарларын алуға рұқсат етілмеді. Көпшілік арасында дүрбелең туғызбас үшін жергілікті билік адамдарға бірнеше күнде қайтып оралатындарын уәде етіп үй киімдерімен көшірді. Алайда, қауіпсіз жерге көшірілген халық сол күйі үйлеріне қайтып оралмады. Тек құжаттарын ғана алып бас сауғалаған тұрғындар байтақ елдің түкпір-түкпіріне сіңіп кетті.

Үлесіміз бе, әлде...

Ірі техногенді радиациялық апат салдарын жоюға 600 мыңға жуық адам қатысса, оның 32 мыңы қазақ жерінен жол тартты. Осылайша апат салдарымен арпалысқан мыңдаған адамның ерік-жігері апат аумағының ұлғаюына жол бермеді. Чернобыль апатын жоюға қатысқан отыз мыңнан астам қазақстандықтың жеті мыңдайы Шығыс Қазақстан облысынан барған. Бірінші кезекте Өскемен мен Семей қалаларынан, сонан кейін өңір аудандарынан жол тартқан еріктілер техногенді апатпен жан аямай күресті. Бүгінде сол адамдардың 1183-і ғана тірі жүр. Радиация әсерін осыдан-ақ көруге болады. Ширек ғасыр ішінде 7 мың шығысқазақстандықтың 83 пайызы көз жұмды. Тірі жүргендердің өздері І, ІІ, ІІІ-топтағы мүгедектер.

Солардың бірі бүгінде Катонқарағай ауданының Катонқарағай ауылында тұратын Нұртазин Нұрлыбек. 1986 жылдың 26 қазанында аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен солтүстік Украинаға жол тартқан ол залалды аумақта төрт айға жуық болды.

- Мен ол кезде "Сельхозтехника" мекемесінде жұмыс істейтінмін, - деп бастады әңгімесін Нұрлыбек Нұртазин. - Аудандық әскери комиссариат кілең көлік жүргізушілері болып жұмыс істеп жүрген азаматтарды шақырды. Катонқарағайдан 16 жігіт аттандық. Мені бірден "АРС" көлігіне отырғызды. Су шашатын көлікпен тұрғындары кетіп, қаңырап қалған елді мекендерді аралап үйлердің сырт жақтауларын жуамыз. Бір полкта мың адам болдық. Біріміз шлангамен су шашып үйлер мен нысандарды жусақ, енді біріміз радиация сәулесі сіңген аумақтардағы топырақ қабатын экскаватормен ойып алып арнайы қазылған қорымдарға апарып көмдік.

Үрейлі елес

Ауызбен айту оңай болғанымен қаңырап қалған Припять қаласы мен маңындағы ауыл-аймақтардың көңілге үрей ұялатынын айтқан ол адамдардың бір сәтте көзден ғайып болып кеткендей әсерде жүргенін айтады. Тіпті қалың ормандағы жүгірген аң мен ұшқан құстың өзі зым-зия жоғалып кеткен.

- Үйдегі дүние-мүлік, үстелдегі тамақ барлығы сол күйінде қалып қойған, бейнебір үй иелері міне кіріп келетіндей сезіліп тұратын, - деп әңгімесін жалғастырда Нұрлыбек Нұртазин. - Күні бойы жұмыс істеп, киімімізді жоюға өткізіп, моншаға шайынған соң жаңасын аламыз. Жүргізген көлігімізді екі-үш күннен соң қорымға апарып көміп тастап, жаңасын табыстайды. Сужаңа техникалар қорымға бірінен соң бірі кетіп жатты. Қазылған қорымның өзі ұшы-қиырсыз шет-шегіне көзің жетіп бермейтін. Топырақ қабатымен бірге ағаштар да шабылып қорымға тасылды. Ештеңені өртеуге болмайтын. Өртесе радиация екі есе ұлғайып ауаға таралады екен. Ішер асымыз, жатар орнымыз тегін болғанымен денсаулығыққа төнер қауіп әлдеқайда ауқымды болды. Катонқарағайдан аттанған 16 азаматтың бүгінде алтауы бақилық болған. Жастары 50-60-қа жетпей көз жұмғандарына қарап-ақ Чернобыльдің зілді зардабын сезінуге болады. Радиация апат ошағында, я болмаса бірнеше шақырым жерде болса да ауаға біркелкі тарайды, сондықтан кімде-кімнің ағзасы болсын, бұл жерде радиация алу қаупі бірдей болды. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін, қолмен ұсталмайтын өлімнің нағыз өзі бір күні алып ұрары анық. Менің қазір ІІІ-топ мүгедегі санатындамын. Катонқарағайлық азаматтардың ішінде бейбіт заманда ең көп рентген сәулесін алған екінші адам менмін. Менікі 24 рентген деңгейі, ал менің алдымда Үлкен Нарын ауылынан Какоков Ерлан дейтін азамат болған…

Қараусыз қалған емес!

Бүгінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген Чернобыль АЭС-гі апатты ауыздықтаушылар үшін әр жылдың 26 сәуірі - қаралы күн болып саналады. Мемлекеттен тегін берілетін пәтер кезегімен қатар, оларға жыл сайын берілетін бірреттік төлемақының көлемі де қомақты. Осы себепті, атаулы күнге орай өңіріміздің бірқатар аудан-қалалары бойынша берілетін бірреттік төлемақы мөлшері туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Аудан атауы

Төлемақы көлемі

Өскемен қаласы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға, аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге — 65 000 теңге
Аягөз ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға — 75 000 теңге - Аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге — 27 000 теңге
Глубокое ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға - 100 000 теңге - Аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге және олардың мүгедек балаларына — 20 000 теңге
Жарма ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға - 70 000 теңге - Аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге — 34 000 теңге - 1988-1989 жылдары апат зардаптарын жоюға қатысқандарға — 10 000 теңге
Зайсан ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға және 1988-1989 жылдары апат зардаптарын жоюға қатысқандарға — 84 175 теңге - Аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге және олардың мүгедек балаларына — 31 746 теңге
Катонқарағай ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға — 134 175 теңге
Көкпекті ауданы - 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-гі және басқа да радиациялық апаттарды ауыздықтауға қатысқандарға — 32 460 теңге
Күршім ауданы - 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-гі және басқа да радиациялық апаттарды ауыздықтауға қатысқандарға - 60 000 теңге
Ұлан ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға қатысқандарға, басқа да радиациялық апаттарды ауыздықтауда қаза болғандардың отбасыларына - 60 000 теңге
Үржар ауданы - 1986-1987 жылдары апатты ауыздықтауға тікелей қатысқандарға - 100 000 теңге - Аурулары иондалған сәуле әсеріне байланысты мүгедектерге — 24 000 теңге

***

Сол кездегі адамдардың ерік-жігерінің күштілігінің арқасында Чернобыль АЭС-гі апат толық болмаса да бірқатар деңгейде ауыздықталды. Жарылған төртінші энергоблоктың үстіне 30 жылға есептелген бетон саркофаг жабылды. Дегенмен, 2000-шы жылдарға қарай астында 200 тонна ядролық отынның қалдығы жатқан саркофаг сыр беріп, қабырғаларына сызат түсе бастады. Бұл жердегі радиация әсері 250-300 жылдан кейін ғана жойылатын болғандықтан жаңа саркофаг жабу туралы келісім жасалып, 2017 жылы француздық "Новарка" компаниясы жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға ені 260, ұзындығы 165, биіктігі 110 метрлік жаңа саркофаг орнатты. Осылайша 43 мың текше метрлік жоғары радиоактивті қалдықтар, 630 мың радиоактивті қалдықтар мен 4 тонна радиоактивті шаң-тозаң кем дегенде тағы да 100 жылға жабылды. Осы уақыт аралығында Чернобыль АЭС-не іргелес қалалар мен ауылдар құлазып иен жатады. Бұл бүкіл Украина, оған шекаралас Белоруссия жері мен халқына келген үлкен қасірет, жойылмас зобалаң. Орасан зор экономикалық шығын.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ