ҚР Білім және ғылым Министрінің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 13 қарашада ШҚТУ-да Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған алғашқы республикалық пікірсайыс марафоны өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Мұнда Өскемен, Семей, Павлодардың ЖОО дебатерлері жиналды. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз сөйледі.
Екі күн бойы ШҚТУ қабырғасында бүгінгі күнгі өзекті тақырыптар – "tiger parenting", сапалы білім тегін бола алмайды, белдемшеде гендер бар, патриотизм қазіргі жастарға тән емес, Ұлттық қорды тиімді пайдалану тетіктері, 1945 жылғы мамыр, "Мәңгілік елдің" үздік бағыты сынды сұрақтар төңірегінде сөз қозғалды. Финалға төрт команда шықты – Салауат (Семей), Ділмар (Өскемен), Оратор (Семей) және Президент (Павлодар).
- Турнир қорытындысы бойынша Семейден келген "Оратор" командасы үшінші орын мен 100 мың теңге жүлдеге ие болды. Екінші орын мен 200 мың теңге көлеміндегі сертификатты Павлодар қаласының "Президент" дебатерлері иеленді. Ал бірінші орын мен 300 мың теңгені Семейдің "Салауат" командасы олжалады, - делінген мәліметте.
Өз кезегінде пікірсайыс турнирінің үздік спикерлері мен төрешілері мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Турнир кубогы жеңімпаз командаға тапсырылды. "30: OPEN TO NEW" пікірсайыс марафоны еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, Қазақстанның елордасы – Нұр-сұлтан қаласында аяқталмақ.