Білім ордасының ректоры Сәуле Рахметуллинаның сөзінше, білікті буын дайындау үшін оқытушылардың деңгейі де жоғары әрі халықаралық деңгейдегі тәжірибемен сәйкесуі керек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – CDIO жүйесінің қозғалысына Орталық Азия көлемінде тұңғыш енген білім ошағы. Соған сәйкес, 12 стандарт инженерлік білім беру үлгісіне жатады. Негізі, шараның ресми атауында көшпелі отырыс деп жазылған. Сәуле Жәдігерқызының айтуынша, осы сияқты жиындар мұның алдында Алматыда өткізіліп тұрды.
– Биыл Шығыс Қазақстанда қолға алынды. Келесі жолы қай қалада бас қосатынымыз белгісіз. Бірақ тиісті техникалық университеттер базасына барып, өз тәжірибемізбен бөлісеміз. 2018 жылдан бастап CDIO деп аталатын жобаға кіру үшін көп дайындалдық. 2022 жылы Сингапурде өткен форумнан біршама мағлұмат алып қайттық. Сонда біз өз университетімізді таныстырып, CDIO жүйесін оқу бағдарламасына қалай енгізіп жатқанымызды көрсеттік. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – студенттер оқуын аяқтап, өндіріске келгенде бірден жұмысқа кірісуін бақылауда ұстау. Себебі, жастар іс-тәжірибеде көңілдеріне тоқығандарын қайтадан үйренбеулері керек, – деді ректор.
Сәуле Жәдігерқызы осындай қадамдардан соң Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – Орталық Азиядағы негізгі университет болып есептелетінін жеткізді.
– Жалпы, оқу орнының тарихы терең, өзіндік стратегиясы мен саясаты бар. Инженерлік білім жолында үлкен топ еңбек етті. Енді осы тәжірибені басқа білім ордаларында қолға алғанды жөн деп білемін, – деді білім ордасының ректоры.
Оның ойын жалғап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова қазір техникалық бағыттағы мамандықтарға қанша маман тапшы екенін зерттеу маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, инженерлік білім беруге негізделген университеттердің материалдық-техникалық базасын нығайту күн тәртібінде тұруы тиіс. Магистратура мен докторантурада білім алатындарға стипендия төлеу жағы қарастырылып жатқаны да жастар қамы үшін екенін баса айтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ