Қазір өңірдегі іргелі оқу орындарының бірінде ғылым мен өндіріс тақырыбында ауқымды форум өтіп жатыр. Халықаралық, республикалық деңгейдегі сарапшылар кәсіпорындар мен университеттер арасындағы қоян-қолтық байланыстың маңызын талқылауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қатысушылар әр аймақтан келген. Сөз арасында машина құрастыру, студенттердің ғылымға қосар үлесі, ғылыми-техникалық қызмет бойынша ресми ақпараттар ұсынылды. Алдымен ҚР Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосинов «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңды әзірлеудің мақсатына үңілді. Оның сөзінше, заң күшіне енсе, ғылым мен техникаға қатысты негізгі төрт мәселені шешуге мүмкіндік туады. Атап айтсақ: ғылымды қаржыландыру; кадрлық сұрақтар; жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың инфрақұрылымдық дамуын ұйымдастыру және ғылымға қосымша қаржы бөлу.
– Жас ғалымдар мен университет арасындағы тығыз қарым-қатынас Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да бірқалыпты дамуда. Машина құрастыру мен тау-кен өндірісі салаларында жаңа техникалық міндеттер қойылып келеді. Бұл кейін нарықтың дамуына да әсер етеді. Қазір бюджеттік емес қаражат есебінен ғылымды қаржыландыру күн тәртібінде тұр, – деді Асылхан Бибосинов.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ольга Григорьеваның ойынша, ғылыми қоғамдастық мен өндірістік сектор арасындағы серіктестік негізінде сол өңір мен республиканың табысқа жеткен-жетпегенін байқауға болады.
– Біздің аймақ инновациялық белсенділік тұрғысында еліміз бойынша едәуір әлеуетті. 20-дан астам ғылыми ұйым жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлу бойынша ел көлемінде үздік бестікке ендік. Қаладағы университеттеріміз де алдыңғы қатарда. Мәселен, Шығыс Қазақстан техникалық университеті зерттеу жұмыстары бойынша әлемдік рейтингіде біршама жоғарылады. Аталған білім ошағындағы ғалымдар жаңа технологиялық материалдар дайындап, болашағы бар бағыттарды зерттеуде аянып қалып жатқан жоқ, – деді ол.
Осы ретте форум қонақтарының ойын біліп көрдік. «Allur» компаниялар тобы» АҚ Директорлар кеңесі төрағасының мүшесі, Қостанайдан келген Айгүл Ахметова өз өңіріндегі біршама жастың Оңтүстік Кореяда білім алып жатқанын атап өтті. Машина құрастыру саласына басымдық беріліп жатыр. Өзі сондағы жоғары мектеп оқытушысы ретінде біліктілікті арттыру тақырыбы да өзекті екенін жеткізді. Оңтүстік Кореядан мамандар әкеліп, жергілікті мұғалімдерді оқытатын көрінеді.
«Kaz Minerals Aktogay» ЖШС-да аға машрейдер болып істейтін Айдын Ілиясов та форумға шақырылды. Осы университеттің түлегі ретінде студенттер мен кәсіпорын арасындағы етене байланыстың, оқу орны қабырғасында жүріп іс-тәжірибеден сәтті өтудің маңызын айтты. Айтуынша, қазір барлық аймақта ғылым дамып келеді. Ал машина құрастыру және тау-кен өндірісі қабілетті жастардың білімін қажет етеді.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина «Allur» компаниялар тобы» АҚ Директорлар кеңесі төрағасының мүшесі Айгүл Ахметованың ұсынған жұмыс барысына қызығушылық білдірді. Айта кетейік, Айгүл Сапарғалиқызы Өскеменнің тумасы. Сөз барысында ол Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың кеңес өкіметі тұсында да үздік үш жоғары оқу орнының қатарында болғанын, кадр дайындауда өзіндік мектебі бар екенін атап өткен болатын. Сәуле Жәдігерқызы Қостанайдағы машина құрастыру жобасы, университет түлектерінің кореялық әріптестерімен тығыз жұмыс істеуін және техникалық-инженерлік тұрғыда ойлаудың берері мол екенін жеткізді.
– Бізге мұндай қадамдар мен жобалар өте қызық. Индустрияға кадрлар дайындау заман талабына айналды. Қазір өңірдегі кәсіпорындармен, шет елдердегі әріптестерімізбен тізе қосып, нақты қадамдар жасап келеміз. Былтыр жоғары білім мен ғылымды дамыту концепциясы қабылданған болатын. Бұл ғылым саласындағы инновациялық даму мен модернизациялауға бағытталған концепция. Түпкі мақсаты – ғылымға бөлінетін қаржы көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткізіп, ұлғайту. Жас ғалымдарды қолдап, халықаралық деңгейдегі ғалымдарды көтермелеу де маңызды, – деді Сәуле Рахметуллина.
Қазіргі уақытта ШҚТУ-да еліміздің оңтүстік өңірлерінен студенттер тарту бір бағытқа қойылған. Шет елдерден, Якутиядан да келіп білім алды. Кадрлар дайындау бойынша екі бағыт өз жемісін беріп келеді. Біріншісі, кәсіпорындармен байланыс. Бұл ретте ҮМЗ, Қазцинк сияқты алпауыт кәсіпорындар тұрақты серіктес әрі тәжірибе алмасуға қолайлы орта. Түлектердің жұмысқа тұру көрсеткіші бойынша (96%) аталған оқу орны «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы шығарған рейтингіде көш бастады. Университет басшылығы білім алушылармен ұзақ мерзімге байланысқа орнату, кейінірек олармен серіктес болу арқылы да кадрлар дайындау мәселесін шешуге болатындығына сенімді. Бұл екінші бағыт. Айта кетер жайт, форумның алғашқы бөлігі тәмамдалар тұста Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «Alpha-Safety» ЖШС, «АСС Қорған» ЖШС, «Geosat» ЖШС және «ГРП Восток» ЖШС-мен өзара серіктестік бойынша меморандумға қол қойды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ