Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да студенттер үшін қандай жағдай жасалған?

1470
көрілім

Жаңашылдық пен сапа бұл университеттің басты қаруы іспетті. Жаңа оқу жылына да мерзімінен бұрын тас-түйін әзір. Уақыт озған сайын қанатын кеңге жайып, білім кемесінде желкенін биік көтерген Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің инфрақұрылымы студенттерді дәстүрлі оқыту форматында қабылдауға толығымен дайын. Бұл туралы университеттің басқарма төрағасы-ректоры Жасұлан Шаймарданов білім шаңырағының жаңа оқу жылына дайындығы жайлы брифинг барысында айтты.

Студенттер сертификатқа ие болды

Жасұлан Құдайбергенұлының айтуынша, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің 98%-ы вакцина алды. Қызметкерлер мен оқытушыларды вакцинациялауға тарту үшін түсіндіру жұмыстары мен ынталандыру шаралары жүргізілген. Вакцина алған 500-ге жуық қызметкерге сыйақы түрінде материалдық көмек берілді.

– Вакцинация мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, медицина қызметкерлерімен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде қазір студенттердің арасында вакцинациялау қарқынды жүруде, - деді ректор.

Биылғы оқу жылында вакцина алған ақылы бөлімнің студенттері үшін оқуға 5% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар студенттер арасында сыйлықтар ұтыс ойыны өткізіліп, 60 студент қаржылай сертификатқа ие болды. Ақшалай жүлделердің ұтыс ойынында 70 студентке берілген-тұғын. Оған қоса, қыркүйек айында студенттердің Абай жеріне туристік сапары және «Простор» жазғы экспедициялық кампусінде тимбилдинг өткізу жоспары сәтті орындалды.

Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес шектеу шаралары енгізіліп, жатақхана, кітапхана, барлық оқу корпустарына оқытушылар мен студенттер «Ашық» жүйесі арқылы кіреді.

Университет басшысы айтып өткендей, оқу корпустары мен жатақханалар санитайзер, дезинфекциялық және кварцтауға арналған шамдармен, дезинфекциялық кілемшелермен қамтамасыз етілген. Медициналық пункт барлық қажетті препараттармен жабдықталған. Студенттер мен қызметкерлердің денсаулық жағдайын бақылау үшін «Олимп» зертханасымен келісім-шарт жасалып, Ковид-19 тестілерін жедел өткізу үшін экспресс тесттер сатып алынды.

Кең әрі көпфункционалды

Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалған регламентке сәйкес кіреберістерде дезинфекциялық тоннельдер орнатылған. Маскалық режим, термографиялық бақылау мен ғимаратты санитарлық өңдеу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Барлық аудиториялар мен зертханаларда, асхана мен кітапханада қашықтық сақтау таңбалары жасалды. Дәрігердің кезекшілігі ұйымдастырылып, жатақханада студенттердің денсаулығына күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Университет аға оқытушыларының айтуларынша, кітапхананың оқу залы кең және көпфункционалды. Студенттер кітапхана қорына еркін қол жеткізе алады. Қажетті кітаптарды өз бетімен алуға, тіркеуге және пайдалануға жағдай жасалған.

Университеттің басқа қала-аудандардан келген студенттерге арналған 1500 орыннан асатын үш жатақханасы бар. Бұл жатақханаға қажеттілікті толығымен жабады. Болжам бойынша жатақханаға қажеттілік – 985 орын, оның ішінде «Серпін» бағдарламасымен оқитын 178 студент бар.

– Жаз бойы жатақхана бөлмелерінде, жылу және су жүйесіне, тұрмыстық техникаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа жиһаздар жасалды. Барлық жатақханаларда фитнес-залдары жабдықталған, – дейді мамандар.

Университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева түсіндіріп өткендей, биыл студенттер бакалавриат, магистратура және докторантурада аралас оқыту форматы бойынша білім алады. Дәрістер онлайн, тәжірибелік және зертханалық сабақтар офлайн өтеді. Университетке келушілер ағынының көбейюіне байланысты екі механизмді біріктіру туралы шешім қабылданды: ШҚТУ-ға кіру және сіздің Ashyq жүйесі арқылы келушінің мәртебесін тексеру.

– Бұл нені білдіреді? Университетке кіру кезінде QR кодты сканерлемей, валидаторға рұқсаттама карточкасын төсеу қажет. Мұндай интеграцияны университет бағдарламашылары университетке кіруді жеңілдету үшін жасады. Рұқсаттаманы (пропуск) төсеу арқылы Сіздің Ashyq жүйесіндегі мәртебеңіз автоматты түрде кіре берісте орнатылған монитор экранында көрсетіледі, – деді университет басшысы.

Проректор пәндер хақында

Пәндердің электрондық мазмұнын оқытушылар Oren Edx, MOODLE ВКТУ, Google Classroom платформаларында жүктеді. Студенттер апта сайын бейнематериал түрінде берілген дәрістермен өз бетінше танысып, тақырыптарға сәйкес білім алады. Дәріске қатысу арнайы жүйелермен бақыланатын көрінеді. Ал тәжірибелік сабақтар қоңыраулардың икемді кестесімен және екі ауысыммен, сабақтар арасындағы әр түрлі уақыттағы үзілістермен өтеді.

Арақашықтық жағы да қатаң сақталған. Студенттер аудиторияда 2 метр, зертханада 5 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, шахмат тәртібімен отырса, аудиториялардың толымдылығы 50% -дан аспайды. Оқу практикасы теориялық оқытуға біріктірілген және студенттер базалық инженерлік біліктіліктерді университеттің құзыреттілік орталықтарында ала алады.

– Физика мен химия пәндері бойынша зертханалық жұмыстар алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі. Зертхананың жұмыс кестесін, жұмыстың әдістемелік нұсқауларын білім беру порталында орналасқан EKTU-LAB парақшасы арқылы білуге болады. Онда алдын-ала жазылып, зертханалық жұмыстардың орны мен уақытын брондауға болады,- деді проректор Жадыра Қоңырбаева.

Дене шынықтыру пәні бойынша оқу процесін ұйымдастыру кезінде студенттерге «Таңдау», «Команда», «Денсаулық», «Кәсіпқой» бағдарламаларының бірін таңдау ұсынылады. Оқу жүктемесінде дене шынықтырумен айналысудан басқа, дарынды студенттерді анықтау, оларды спорт секцияларының қызметіне тарту, жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындау ұйымдастырылады. Мәселен, «Команда» бағдарламасы бойынша студенттер спорттың 15 түрі бойынша жыл сайынғы Универсиадаға дайындалады. Универсиада демекші, ШҚТУ студенттері республика көлеміндегі ЖОО-лар арасында үздіктер қатартынан көрініп үлгерген. «Денсаулық» бағдарламасындағы сабақтарға анықтама бойынша босатылған студенттер қатысады. Ал «Кәсіпқой» бағдарламасы кәсіби спорт түрлерімен айналысатын спорт шеберіне үміткер студенттерге арналған. Реттілік жағын алсақ, барлығы оңтайлы.

Маңызын жоғалтпаған мәдени ошақ

«Кітап – бізді сарқылтпайтын қазына, өзі де сарқылмайды» деген екен француз жазушысы Адриан Декурсель. Қазір тамаша туындылардың өзін таңдап оқитын буын жиі байқалатынын ескерсек, оқырмандарын таппай жатқан оқулықтар аз емес. Ғаламтор беттеріндегі алып-қашпа ақпараттардан гөрі бірнеше мәрте сүзгіден өткен деректер тек кітаптарда ғана кездеседі.

– Технология дамыған сайын біздің де ой-өрісіміз бен іс-әректеттріміз өзгерді. Біз қазір көне кітаптардан гөрі-электронды құрылғыларды пайдалана отырып, қолжетімді әрі тиімді түрде электронды кітаптарды оқимыз. Көп орын алмайтын әрі бір ғана ұялы байланыс смартфонында ораналасқан, – дейді тәжірибелі оқытушылар.

Дегенмен кітаптар өзінің орны мен маңыздылығын жоғалтпайды. Жаңа оқу жылы қарсаңына университет кітапханасына апгрейд жүргізе отырып, көркем әдебиет залын ашқан.

Оқырмандар үшін әдеби және мәдени кітаптарды жинай отырып, жаңа заманға әрі жаңа талапқа сай кітапхана жасалыпты. Маңыздысы сол, кітапхана қорында қазақ һәм шетел әдебиетіндегі классик қаламгерлердің 20 мыңнан астам көркем шығармалары жинақталды. Кітапханада: Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шыңғыс Айтматов, Омар Хаям, Джордж Байрон, Уильям Шекспир сынды қаламгерлердің шығармалары бар.

Жасұлан Құдайбергенұлының айтуынша, оқырман залында жаңа гуманитарлық білім бағдарламасы бойынша - қазақ тіліндегі 100 кітап және Абай бюсті орналасқан бұрыш пен сәнді кітап сөрелері орнатылған. Жаңа оқулықтар мен оқу бағдарламасы ұстаздар мен студенттердің жоғары бағасын алды.

Аталған білім ошағында 3000-нан астам электронды кітаптар тізімі мен ақпараттық ресурстар, жарық шамдар және өз-өзіңе қызмет ететін терминалдар қызмет көрсетуде. Оқырмандар үшін бос уақытында кітап оқып, қызықты әрі тиімді пайдалануға болады.

Жатақхана да жан-жақты мүмкіндік сыйлайды

Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Студенттерді онлайн оқыту кезінде тек оқу корпустарын, зертханалар мен кітапханалар ғана емес, ЖОО жатақханаларын да жаңарту мүмкіндігі пайда болды.

– Естеріңізге сала кетейін, ШҚТУ балансында бір уақытта бір жарым мыңнан астам студент тұра алатын үш жатақхана бар. Жатақханаға орналасу тамыз айының 23-нде басталды. Ең алдымен біз бірінші курс студенттеріне, соның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттерге, жетім, көпбалалы және инклюзивті санаттағы студенттерге орын ұсындық. Одан әрі жоғары курс студенттері қоныстанды. Тағы бір айта кетерлігі, көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге 50% жеңілдікпен тұру жағын да қарастырдық, – деп ойын қорытындылады ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Асыл АЙТБАЕВ