ШҚО әкімі ауылдарда салынған жаңа мектептердің жартылай бос тұрғанын сынға алып, бұдан былай ауданында мектеп тұрғызу жөніндегі әкімдердің өтініші жіті тексеруден өтетінін айтып өтті.
– Мектептерді салуын салып алдық. Енді ауылдық секторда салынған мектептердің көбінде оқушы саны толық қуаттылығының 60 пайызын ғана құрайды. Көрсеткіштердің бәйгесі, міне, осыған әкеп соқтырды. Әкімдер тезірек инвестиция алуға тырысты. Ал ол мектептер халқы аз ауылдарға емес, Аягөзде, Өскемен мен Семейде тұрғызылуы керек болатын. Әкімдерге салса, тағы 20 мектеп тұрғызуға өтінім береді. Іші оқушыларға толмаса, ондай білім ордасының қажеті қанша? Мен білемін: әкімдер мектеп керек екендігін айтады, ал сол ауылдан үш шақырым жердегі екінші ауылдағы мектеп бос тұрады. Одан да екі ауылдың арасында балаларды тасымалдайтын автобус сатып алған әлдеқашан тиімді емес пе!? – дейді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттамалар жіті зерделенуі қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Мақаншы ауылында салынатын 320 орындық мектепке сұралған қаражаттың мөлшері Аягөз қаласындағы 600 орындық мектепке бөлінетін қаражаттан асып түскен. Қаражат аз бөлінгендіктен Аягөздегі мердігер 600 орындық мектепті салудан бас тартқан.
– Аягөздегі 600 орындық мектепке байланысты жаңадан конкурс жарияланады. Сондай-ақ, Көкпектідегі Бастаушы ауылында салынатын 132 орындық мектепке 600 млн. теңге сұрап отыр. Меніңше, мұнша қаржыны ол мектепке беру артық болады. Өскемендегі 1000 орындық мектепке 2,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл есепке сүйенсек, 1000 орындық мектеп 6 млрд. теңге сұрау керек болатын. Біз бұл мәселемен айналысамыз. Аталған сұрақты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бақылауына алуы керек, – дейді ШҚО әкімі.
Аян Өрібаев