Даниал Ахметов: «Биыл тұрғын үй құрылысының жұмысы бәсеңдемейді»

366
көрілім

Өңірде көпқабатты тұрғын үй салу жұмысы ойдағыдай іске асырылуда. Әсіресе жекелей-тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп жатқан аудандарға ерекше көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді. Айта кетейік, Өскемен мен Семей қалаларында шағын аудандар құрылысына бар мүмкіндік жасалған. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 536 мың шаршы метр аумақты қамтитын 118 көппәтерлі тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде аумағы 284,5 мың шаршы метрді қамтитын 77 тұрғын үй құрылысы осы жылы аяқталмақ.

– Биыл тұрғын үй құрылысының жұмысы бәсеңдемейді, – дейді Даниал Ахметов. – Әр қаланың әкімі көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйдің 1000 шаршы метрін тапсырулары тиіс. Сонда 570 отбасы баспаналы болады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі қазір өңірде қолға алынып жатқан «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын тілге тиек етті. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша жекелей-тұрғын үй салынатын орын бекітілді. Одан бөлек, осы аумақта мектеп пен балабақшалар салынғандығын айта кеткен орынды.

– Жекелей-тұрғын үй бағдарламасының болашағы зор. Десе де ескерте кеткім келетіні: енді жер кім болса соған берілмейді. Егер бағдарламаға кірсең, онда оның талаптарына бағын, – деді Даниал Ахметов.