Даниал Ахметов: Демалыс күндері адамдар мен көлік қозғалысын шектеу аса маңызды

478
көрілім
Фотосурет dalanews.kz сайтынан

Мемлекеттік комиссия елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында тиісті шараларды бекітті. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасына жазды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аймақ басшысы алдағы уақытта болатын кез келген өзгеріске әзір болу үшін 1700 инфекциялық, 2500 провизорлық және карантиндік төсек-орын бар екендігін мәлімдеді.

– Өңірдегі әр ауданда тұрғындардың жедел көмек алуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Атқарушы билік пен медициналық мекемелердің жұмыс істеу алгоритмі толықтай қаралып, бекітілді. Жағдайды әркез бақылауда ұстау үшін шілде айының 5-нен бастап Өскемен мен Семей қалаларын жауып, аудандар мен қалаларда адамдар мен көлік қозғалысын азайту күн тәртібіне қойылады. Мұның барлығы адамдардың арақашықты сақтауларын қамтамасыз ету үшін қолға алынуда. СОVID-19 вирусына қарсы күресте өзін-өзі оқшаулау әдісі ғана жемісін беруде. Карантин шаралары кезінде инфекция жұқтырғандар саны – 135 болса, маусым айында бұл көрсеткіш 710-ға жетті. Сол себепті, осы демалыс күндерінен бастап адамдар мен көлік қозғалысын шектеу аса маңызды, – деді Даниал Ахметов.