Даниал Ахметов: Ешнәрсеге тыйым салынбайды

400
көрілім
фото dalanews.kz сайтынан

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірде өршіп тұрған пандемияға тосқауыл қою жоспарына тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі облыс әкімінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Соңғы деректерге сүйенсек, қазір облыс бойынша коронавирус дертіне шалдыққандар саны - 333. Оның 212-сі Семей қаласында тіркелген. Даниал Ахметов мұндай көрсеткіштің әркімді болсын алаңдатып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақыратындығын жеткізді.

- Семейдегі жағдайды ескерсек, қайтадан бұрынғы әдіске көшкен жөн. Адамдардың топталуы, той-томалақ, салтанатты шаралардың жиі өткізілуі өңір тұрғындары үшін індеттің одан әрі таралып, қауіп бетінің қайтпауына әкеліп тұр. Мәселен наурыз айының 15-і мен маусымның 1-не дейін бұл қалада инфекция жұқтырғандар саны - 103 болса, 1-18 маусым аралығында тағы 109 адам жұқтырды, - дейді Даниал Ахметов.

Облыс әкімі мұндай жайттан соң қиынға соқса да нақты шешім қабылдап, жинақылық танытпаса жағымсыз статистика одан әрі жалғасатындығын баса айтты. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке тиісті тапсырмалар беріп, сақтық шараларына атүсті қарамауға шақырды.

- Қандай да бір шектеу шараларының қайта күшіне енгенін құп көрмеймін. Ешнәрсеге тыйым салынбайды. Тек коронавирусты ауыздықтауға мүмкіндік беретін және басшылық тарапынан қолға алынуға тиіс шараларды ғана күн тәртібінен түсірмейміз. Жағдай біршама күрделі болып тұрса да қоғамдық тамақтану орындары жұмыстарын жалғастырулары тиіс. Ал бұл жерлерде өзім байқағандай, күзет құрылымдары өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауда. Баршамыз ауызбіршілік танытып, әр нәрсеге түсіністікпен қарасақ бұл дерттің бетін қайтаруға болады, - деді аймақ басшысы.