Аймақ басшысы праймериз белсенділерімен өткен кездесуінде қатысушылардың көтерген мәселелері, олардың қандай шешу жолдарын ұсынғандықтарына мән берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада өткен шараға түрлі сала басшылары, қоғам белсенділері қатысты. Олар «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен тұңғыш қолға алынған шара кезінде түрлі бағыттағы тақырыптар көтеріліп, әрқайсысы өз бағдарламаларының ұтымды, оңды тұстарын көрсеткен. Осы ретте облыс әкімі праймериз қатысушыларының жұқпалы індеттің өршуі кезінде жұртшылықты сабырға шақырып, осы аралықта өз жобаларын батыл түрде ұсына білгендерін лайықты бағалады.
– Праймеризге өңір атынан 1000-нан астам үміткер тіркеліп, тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Ашық пікірсайыстар өткізізіліп, қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Осы кезде қатысушылардың басым көбі, коронавирус індетінің өзекті мәселе екенін, әйтсе де оның шешімі бар екендігін жеткізе білді. Жалпы, қатысушылардың орташа жасы – 44-ті құрады. Дауыс беруге 46826 адам қатысып, республика бойынша өңір жұртшылығы өз белсенділіктерін танытты. Десе де кей қатысушылардың наразылықтары да байқалды. Дауыс берудің әділетсіз болғандығын алға тартып, өз үміткерліктерін алып тастауды ұсынған. Дегенмен, әлеуметтік желіде барынша белсенділік танытып, кейін соған сәйкес қолдау таппаған қатысушылардың болғандығын да айта кетейік. Қатысушылардың дауыс беру нәтижесіне қарамастан мол тәжірибе алғандарына сенімім мол, – деді Даниал Ахметов.
Жастар атынан қатысып, аз уақыт аралығында айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгерген Семей электротехникалық колледжінің директоры Азат Сарпеков осы уақытқа дейін тұрғындармен жолығып, олардың түйткілді мәселелеріне үңілу барысында өзіндік шешу жолдарын ұсынған. Тіпті өзі сәтті санаған жобаларын күні бүгінге дейін қалалықтар назарына ұсынып келе жатқандығын жеткізді. Айтуынша, праймеризге қатысу кезінде тұрғындарға бірқатар инновациялық жобаларды көрсетуге мүмкіндік алған.
ШҚО Балалар бас офтальмологы Зарина Қамасованың сөзінше, соңында қолдау көрсетер ұжымның шағын болғанына қарамастан қалалықтармен жолығып, әр бағыттағы мәселелердің беті ашылған. Алдағы уақытта солардың ертелі-кеш бір шешім табарына сенім білдірді.
Жиын соңында аталған шара кезінде белсенділік танытқан бірқатар мамандар мен қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды.