Семейде абаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыс қызу жүріп жатыр. Бірегей «Абай-арена» кешені бой көтеретін жаңа «Қарағайлы» шағын ауданы алдағы таңда қаланың ең көрікті жеріне айналмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары кезінде айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы құрылысшыларға «Қарағайлы» шағын ауданында салынып жатқан үйлерге бұдан былай тек сапалы материал қолдануды тапсырды.
– Кірпіштің түсі аумауы керек. Егер жергілікті тауар өндірушілер сапалы өнім шығара алмаса, онда Қазақстанның басқа аймақтарынан, керек болса Ресейден алу керек. Жергілікті кәсіпкерлердің игілігі үшін құрылыстың сапасын құрбан ете алмаймыз, — деді Даниал Ахметов. – Егер кірпіштің түсі ай сайын өзгеріп, ағара беретін болса, бұқара ақшаны ауаға шашты деп сөгеді. Бұл мәселенің мән-жайын анықтап, тоқтатуды тапсырамын.
Қазіргі таңда жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданда инфрақұрылым желісі тартылуда. Алты түрғын үй бой көтерді. Алдағы уақытта «Абай-арена» спорт кешенінің, жаңа балабақша мен мектептің құрылысы басталады. Қалалықтардың игілігі үшін аулалар абаттандырылып, жайлы жағдай жасалады.