Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала, аудан әкімдері және басқарма басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Жиында мектептерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Өңірімізде орыс мектептеріндегі қазақ тілі және қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғалімдері арнайы тестілеуден өтті. Өкінішке қарай, кейбірінің көрсеткіштері көңіл көншітпеді, - деді Даниал Кенжетайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзінше, енді аталған пән мұғалімдері Шығыс Қазақстан университетінің базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, онда педагогтар қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесін меңгереді.
– Біздің негізгі мақсат - балаларға мемлекеттік тілді меңгертіп, еркін сөйлеу деңгейіне жеткізу. Ата-аналар жекеме шығып, балаларының қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренгісі келетінін жазып жатады. Көптілділік бағдарламасы ағылшын, француз және неміс тілдерін үйренуге мүмкіндік бергенімен, енді мемлекеттік тілге назар аударуымыз қажет, - деп атап өтті Даниал Ахметов.