Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ШҚО әкімі Даниал Ахметов бүгінгі таңдағы басты міндет – жұқпалы індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу, емдеу мекемелерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанда 40 инфекциялық стационар дайындалып, толық жабдықталған 6 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 3,7 мың төсек-орын бар. Сонымен қатар облыс әкімі ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап науқастарға арналған төсек-орын саны 12 есеге, реанимациялық төсек-орын саны 10 есеге артқанын мәлім етті.
- Бұл өз кезегінде орын тапшылығына жол бермей, пациенттерді жайғастыру алгоритмін ескере отырып, инфекциялық стационарлардағы төсек-орын санын арттыруға мүмкіндік береді. Инфекциялық бөлімшелердің барлық пациенттері оксигенотерапиямен толық қамтамасыз етілген. Ауыр науқастар үшін иммундық плазманың 3 мыңнан астам дозасы дайындалды. Бұл бүкіл республика бойынша әзірленген дозаның 62,5%-на тең. Қазіргі уақытта 180 пациентке плазма құйылды. Плазма банкін толтыру бойынша донорлармен жұмыс жалғасуда, - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының тұрақтандыру қоры құрылды. Емдеудің тиімділігі үшін коронавирус инфекциясының жеңіл және орташа ауырлығы бар 6200 науқасты осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету есебінен фавипиравир препараты сатып алынды. Препарат 12 қарашадан бастап пациенттердің келісімімен облыстың ауруханаларында қолданылатын болады.
Тәулік бойы және демалыссыз 15 компьютерлік томограф жұмыс істейді. 1 желтоқсаннан бастап қосымша 3 жаңа КТ аппараты пациенттерді диагностикалауды бастайды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған 6 жылжымалы медициналық кешенге 10 жаңа кешен қосылды.
Медициналық жабдықтармен толық жинақталған жедел медициналық жәрдем көлігінің паркі 216 автокөлікпен толығады. Оның 88-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, қалған 128-і 10 желтоқсанға дейін жеткізіледі. Жалпы, өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің саны 2,5 есеге көбейді.
- Жағдайды бақылау және жедел шаралар қабылдау үшін КВИ ошақтарын оқшаулау орталығы құрылды, ол бес цифрлық модульді біріктіріп, медэпидбригадалардың жұмысын үйлестіреді. Мұндай жүйе инфекцияның таралуына қарсы күрес бойынша шұғыл шаралар қабылдауды жеделдетуге, жұқтырған және байланыста болған адамдар туралы маңызды ақпараттарды алуға, емдеу барысын және карантиндік шектеулердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан ПТР зертханалардың саны бойынша жетекші облыстардың қатарында. Пандемияның барлық кезеңінде ПТР әдісімен 350 мыңнан астам адам тексеруден өтті. COVID-19 коронавирусын уақтылы диагностикалау және қолжетімділікті арттыру үшін жұмыс істеп тұрған 13 ПТР зертханаға жергілікті бюджет есебінен қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынамаға дейін жететін қосымша 7 зертхана ашылатын болады. Бүгінгі таңда төртеуі жұмыс істеп тұр, 20 қарашаға дейін тағы үшеуі іске қосылмақ. Барлық ПТР зертханалар қуаттылығы тәулігіне 16 мың сынамаға дейін жететін бірыңғай облыстық желіні құрайтын болады.
Өңір басшысы мониторинг топтарының жұмысы күшейтілгенін атап өтті. 1 қыркүйектен 10 қарашаға дейін 4 мың рейд жүргізіліп, 10 мыңнан астам нысан қамтылды. Санитарлық ережелер мен нормаларды бұза отырып жұмыс істейтін 1,5 мыңға жуық бизнес субъектісі анықталды. Осылайша, жалпы сомасы 70 млн. теңгеге айыппұл салынды.
Сонымен қатар Даниал Ахметов демалыс және мереке күндері азық-түлік емес сектор нысандарының жұмысына тыйым салу, сауда орталықтарының, ойын-сауық мекемелерінің және халық көп жиналатын басқа да нысандардың жұмысын шектеу бойынша қабылданған шектеу шаралары туралы еске салды.
Жалпы, пандемиямен күрес аясында өңірдің денсаулық сақтау саласына қажетті жабдықтар сатып алуға және негізгі құралдарды жаңартуға 22 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.