Даниал Ахметов: «Құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы орындамаған әр әкім жауапқа тартылады»

669
көрілім
Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстағы қала, аудан әкімдеріне «Нұрлы жол» бағдарламасы жобаларының жоспарға сай іске асырылуын қатаң бақылауға алу керектігін атап өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО әкімі инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік маңыздағы нысандардың салынуына бөлінген қаражаттың қалай игеріліп жатқандығын тексерді. Тексеру барысында Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстарының қаржыландыру кестесі сын садағына ілікті. Тиісті қаражат өткен жылдың күзінде бөлінгенімен, атқарылған жұмыстың ақырғы төлемі биылғы жылдың соңында ғана жоспарланып отыр. Облыс әкімі бұл жоспарды қайта қарап, жобаны желтоқсанға дейін созбай қазан айында аяқтауға тапсырды.

Сондай-ақ, Үржар ауданында орналасқан кәсіпорындардың біріндегі өндірістік базаның электр желілерін тарту жобасының да мерзімі өзгертілді.

Әр әкім құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің дер кезінде орындалмауына жауап беретін болады, – деп ескертті Даниал Ахметов, – Шілде айының басында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар жайлы барлық аудан басшылары баяндама жасайтын болады.