Даниал Ахметов мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерту енгізуді ұсынды

683
көрілім

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстандағы, жалпы елдегі ауылдық округ әкімдіктері өткізетін мемлекеттік сатып алу үрдісін жеңілдетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Ауыл әкімдерінің алғашқы республикалық форумында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 2020 жылға дейін сатылай дербес қаржыландыруға өту мәселесі талқыланған-ды. Нәтижесінде ауылдық округтерге түсетін барлық салықтық төлемдер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға, жол жөндеу, сумен қамту және басқа мұқтаждықтарға жұмсалады. Осы салалардағы өзекті мәселелерді жылдам шешу үшін өңір басшысы форумда мемлекеттік сатып алуда рұқсат етілетін шекті сома көлемін ұлғайту қажеттігін алға тартты. Бүгінде ол 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

– Мәселен, электр қуатын беретін желіні тезарада жөндеу қажеттігі туады. Осы сияқты шұғыл жағдайларда мәселені шешу үшін ауыл әкімі  уақыт жоғалтып, тендер рәсімдері туралы хабарлама беріп жүрмей, тікелей өзі келісім-шартқа қол қоя алатын құзыры болуы шарт. Сондықтан мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерту енгізіп, байқауға қатыспайтын шекті сома көлемін 7-10 миллион теңгеге дейін арттырса, дұрыс болар еді, — деді Даниал Ахметов.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов облыс әкімінің ұсынысын қолдап, оны ҚР қаржы министрлігімен бірге қарастыратынын жеткізді.