Бүгін ШҚО әкімдігінің ғимаратында «ҚР діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» Шығыс Қазақстанда іске асыру мәселесі талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстың тиімсіз атқарылып жатқанын айтып, жауапты басқарма мен кейбір әкімдердің жұмысы бұл бағытта олқы түсіп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Дін істері басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айтқұрман Тұрғанбаев есеп беру кезінде іріткі салушы діни ағымдарды ұстанушылармен адрестік жұмыста білікті теологтардың жетіспейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жат діни ағымдағы адамдар жеке назарда екенін, түрмеден босап шыққандарға баса маңыз беріліп жатқанын атап өткен. Алайда басқарма өкілінің бұл есебіне Даниал Ахметов көңілі толмайтынын жеткізді.
– Облыстық Дін істері басқармасының жұмысының олқылығын көріп отырмыз. Зерделеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Нәтижесі тиімсіз. Мұның себебі неде? – деген сұраққа Даниал Ахметов өзі жауап берді. – Өйткені, басқарманың өзі бұл жұмысқа немқұрайлы қараған. Жүктеген тапсырмама қарамастан, бірқатар әкімдер бұл бағыттағы жұмысты ұмыт қалдырды. Не істеу керек? Біріншіден, бұл сектордың жетекшілерін оқыту керек. Ұялудың еш реті жоқ. Өз саласын біле бермейтін адамдар да сөйлеп жүр. Екіншіден, әкімдер не атқаруы керек еді? Олар адрестік жұмысқа баса маңыз беруі керек болатын. Наурыз айындағы көрсеткіш осы уақытқа дейін бұл жұмыстың да немқұрайлы жүргізілгенін көрсетіп берді. Жат діни бағыттағы адамдар аз уақыттың ішінде ойынан қайтты дегенге сене бермеймін. Оларға бүгінгі күні өзіне тиесілі әлеуметтік көмек берілмесе, жергілікті әкімдік назарын бұрмаса, ол қолдауды бәлкім, басқа жерден көруі мүмкін. Басқарма мүлде жоқ сандарды алға тартып, есеп береді.
Даниал Ахметов жауапты басшыларға «миллиондар» кездесетін есеппен өз-өздерін жұбатуды қоюға кеңес берді.
– Өткен жылы басқармада осындай бір басшы болған. Міндетін атқарушы да осындай есепті келтіреді. Мұнда нақты секторалды әрі адрестік жұмыс атқару керек, – дейді облыс әкімі.
Сөз соңында аймақ басшысы екі орынбасарына бұл бағытта секторалды әрі нақты адрестік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Мейрамбек Қосажан