Облыс әкімі қазіргі уақытта коронавируспен сырқаттанған науқастармен байланыста болған адамдарды іздеу жұмысы оң нәтижесін беруде екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасында жариялады. Аймақ басшысының сөзінше, өткен кезеңнің кемшіліктері бастапқы тергеу амалдарының жеткіліксіз жүргізілуінде жатыр.
– Эпидемиологиялық тергеу байланыста болған барлық тұлғаларды анықтап, тіркемеген. Осылайша, вирус таратып, өздері білмей өзгелерге жұқтырған симптомсыз тасымалдаушылар назардан тыс қалған. «Бетпе-бет» форматына көшкеннен кейін соңғы бес күнде біз қосымша 1079 адамды анықтай алдық. ШҚО аумағында мобильді топтардың телефон арқылы тергеуі толығымен жойылды. Әкімдер мен СЭС қызметтеріне жұмысты жалғастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Берілген мәліметке сүйенсек, тестілеу бойынша жоғары деңгей Алтай ауданы мен Риддер қаласында тіркелген.
– Осыған байланысты СЭС-ке ПТР-зертхананың нәтижелерін және олардың қаншалықты дәл екендігін қайта тексеру тапсырылды. Сонымен қатар кешегі «Шығыс – адалдық алаңы» тобының бақылау тексерісі бизнесмендер, рестораторлар тарапынан шектеу шараларының бұзылғанын көрсетті. Бұл фактілерді қала әкімдігінің мониторингтік тобы анықтамағаны түсініксіз. Қатаң ескерту жасап, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.