Облыстық Драма театрда Шығыс Қазақстан өңірінің әкімі Даниал Ахметов 2017 жылы жеңіс тұғырынан көрінген шығысқазақстандық спорт саңлақтарын марапаттады. Әкімнің марапатына жеңіл атлет Ольга Рыпакова, биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы Юлия Галышева және Жоғарғы хоккей лигасында көш бастаған «Торпедо» хоккей клубы мен республикалық турнирде жеңімпаз атанған «Алтай» волейбол клубының ойыншылары ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы жыл өңір спортшылары үшін табысқа толы кезең болды. Облыстың фристайлшылары мен биатлоншылары Алматыда өткен Дүниежүзілік Универсиада мен Жапониядағы Азия ойындарында биік белестерді бағындырып, талай медальдарды қанжығаларына байлады. Жергілікті «Торпедо» хоккей клубы Жоғарғы хоккей лигасында топ жарса, «Алтай» клубындағы волейболшыларымыз республикалық сайыста екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленген болатын.
Спортшыларымызды осындай елеулі жетістіктерімен ШҚО әкімі Даниал Ахметов құттықтап, марапаттау қағаздарын табыс етті.
– Қымбатты достар, жерлестер! Бүгін атақтары әлемге әйгілі аймақ спортшыларын шын жүректен құттықтауға мүмкіндік туып отыр. Олар күн сайынғы еңбектерінің арқасында облысымызды биік шыңнан көрсетті. Сол үшін спортшыларымызға зор алғысымды білдіремін. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осылай елімізді қуантып жүре беріңіздер. Сіздерге сәттілік пен бақытты да табысты ғұмыр тілейміз, – деді облыс әкімі.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ