Даниал Ахметов тұрғындарды онлайн қабылдады

410
көрілім

Облыс әкімі Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша ZOOM платформасында қабылдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кездесу барысында Аягөз ауданы, Ақши ауылынан хабарласқан көпбалалы ана Арайлым Түсіпжанова көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үй құжаттарының заңдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

Ал Зайсан қаласының ардагер майоры Манат Далабаев осы жылдың ақпан айында газ мәселесінің шешімін тапқаны үшін облыс басшысына алғыс білдіріп, Новаторов көшесіндегі ШҚО Полиция Департаментінің госпиталі жабылады деген сыбыс қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

Аталған сұраққа ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев жауап берді:

– Госпитальді ешкім жабайын деп жатқан жоқ. Қайта ғимаратты жөндеп, керекті жабдықтармен қамтамасыз етіп жатырмыз, - деді.

Кездесуге келгендер арасында облыстағы қысқы ірі демалыс базаларының бірінде жазатайым қайтыс болған қыздың анасы Арайлым Болтаева да болды. Естеріңізге сала кетейік, сыныптастарымен бірге демалысқа барған 11 сынып оқушысы тыйым салынған жерден стюбпен сырғау барысында жарақат алып, көз жұмған еді.

– Жалғыз қызым осы демалыс орнында көз жұмды. Демалыс орнына жолдамаеы мектеп мұғалімдері сатып алған. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының айтуынша, жолдама туристік емес, бірақ оларға лицензия беріліпті. Лицензия курорттың нақты қандай қызметтеріне берілген? – деп сұрақ қойды Арайлым Болтабаева.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл мәселеде олқылықтар бар.

– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына сәйкес тау шаңғысы трассаларын орнату және пайдалану лицензияланатын қызмет түрі болып саналмайды. Туристік сектордың бұл түріне бақылау жоқ. Жергілікті атқарушы органдар туралы Заңға сәйкес, біз осы кәсіптік нысандарының өрт қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайын ғана тексере аламыз. Сондықтан біз қазір туристік қызметтің бұл түрі лицензияланатын болуы үшін ҚР Үкіметіне, тиісті министрлікке құжат дайындаймыз. Тау шаңғысы базалары талаптарға сай және ең алдымен қауіпсіз болуы керек, -деп қорытындылады ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ал дайындалар құжатты екі жақ тағы бір мәрте кездесіп, нақты ұсыныстар ретін пысықтайтын болады.