Данияр Қайсанов ел чемпионатында күміс медаль иеленді

445
көрілім

Әлем чемпионатының қола жүлдегері Қарағандыда өтіп жатқан күрес түрлерінен ересектер арасындағы ел біріншілігінің шешуші сынында солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпановпен күресті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Республика көлемінде еркін күрестің «эль-классикосы» деп аталатын қос спортшының белдесуі көпшіліктің тапжылмай отырып, тамашалауларына негіз болды. Екеуі де осыған дейін әлемдік аламанда жүлде алып үлгерген палуандар. Бірі – Шығыс Қазақстан (Көкпекті ауданы), бірі Солтүстік Қазақстанның намысын қорғап келеді. Жүріп өткен жолдарында шашау шығармаған олар финалда жолықты. Алғашқы кезең 1:0 есебімен көкпектілік палуанның пайдасына шешілді. Нағыз тартыс екінші кезеңде басталды. Қайсанов қарсыласының аяғынан шап беріп, шабуылға көшуге оқталғанымен Нұрғожа қарсы әдіс жасап, екі ұпай иеленді. 2:1 боп тұрғанда әрі қарай тағы шиеленісті. Тағы бірнеше әдіс жасалып, барлығы бейнеқайталауға жүгінді. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық палуанға тағы екі ұпай жазылып, таблода 4:1 есебі тіркелді. Десе де жерлесіміз соңғы тәсілін әзірлеп жүргендей салқынқандылығын жоғалтпады. Кілемнен итеріп шығарып тағы бір ұпай алды. Өкініштісі сол, белден қапсыра құшақтап айналдырып құлатқан Қайпанов Даниярдың артына шығып кетті. Сосын екі аяқты қайшылап ұстап, бозкілемде шыр айналдырды. Осылайша кездесу мерзімінен бұрын аяқталып, 74 келіге дейінгі салмақтың алтын медалі қызылжарлық спортшының еншісінде кетті. Қайсанов күміс жүлдегер.
Айта кетейік, қос спортшы да Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, Нұрғожа Әлем чемпионатының күміс, Данияр қола жүлдегері.