Коронавирусқа байланысты карантин режимі кезінде денсаулығына көңіл бөліп, гинеколог көмегіне жүгінген қыз-келіншектер қатары көбейген. Акушер-гинеколог, Belon Medical медициналық орталығының директоры Дариға Сабденова сайт тілшісіне берген сұхбатында соңғы бес жылда гинекологиялық қандай ауру түрлері жиілеп кеткенін айтып, мектеп бағдарламасына жыныстық сауат пәнін енгізуді не үшін қолдайтыны туралы пікір білдірді.
? – Карантин кезінде сіздің қабылдауыңызға келгендер саны артты ма,әлде кеміді ме және оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Карантин кезінде гинеколог көмегіне жүгінетіндер саны көбейді. Көбі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкендіктен әйелдердің өз денсаулықтарына назар аударып, дәрігерге қаралу мүмкіндігі пайда болды. Көбі «жұмыс жүктемесі азайып, осындай қолым босаған кезде қаралып алайын» деп келуде. Карантинге дейін жұмыстан қолы босамайтын қыз-келіншектер денсаулықтарына қарауға уақыт таппай, жексенбі күні қызмет көрсетуімізді өтініп хабарласатын.
? – Коронавирус кезінде жүктілікті жоспарлау қаншалықты дұрыс?
– Сәбилі болу – тіршіліктің заңдылығы. Коронавирусты сылтауратып әйел-ананы бала көтеру ниетінен айнытып тастауға болмайды. Егер әйелдің денсаулық жағдайы жақсы болса, дәрігердің қадағалауымен, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүктілікті жоспарлауға болады. Жалпы қаралуға келген әйелдердің бойынан гинекологияға қатысы жоқ дертті де тауып алатын жағдайлар болып тұрады, себебі алдыма келген адамның ауруының салдарымен емес, себебімен күресемін. Ол үшін қажетті талдаулар алып, егжей-тегжейлі зерттеу жүргіземіз. Бірнеше мәрте ЭКО жасатып нәтижесі болмай, маған келген соң жүкті болған жағдайлар да кездесті. Мұның бәрі аурудың себебін анықтап, дұрыс ем қолданудың нәтижесі.
? – 20 жылдан асқан жұмыс тәжірибеңіз бар, соңғы 5-10 жылда гинекологиялық аурудың қандай түрлері көбейіп кетті?
– 5-10 жылмен салыстырып қарасақ, жатыр мойны жаралары, жатырдағы қатерсіз ісік, жыныстық жолмен жұғатын ауру түрлері көбейіп кетті. Ең бастысы, аталған аурулар «жасарып» барады. Маған 16-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер келеді. Келетіндердің басым бөлігі жастар десем болады. Бұрын жас қыздың жатыр мойны қызарып тұрса, «әлі жас қой, тұрмысқа шығады, бала табады» деп, қосымша талдау алмайтынбыз. Ал қазір қабылдауға келгендермен ақылдаса отырып жатыр мойнынан талдау аламыз, себебі жас болса да ісік алды аурулары жиі анықталуда. Бұрын мұндай жағдайлар егде жастағы әйелдерде ғана болатын.
? – Аталған аурулардың «жасарып» бара жатуы экология, стресс және басқа факторлардың әсері ме, әлде қыз баланың өз денсаулығын дұрыс күте алмауынан ба?
– Бұл экологияға да, сонымен бірге қыздардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне де байланысты. Әрбір қыз бала ағзасының толық жетілу кезеңіне жеткен кезде ғана жыныстық қатынасқа түскені дұрыс. 16 жастағы қыз баланың ағзасы толық жетіле қояды деп айта алмаймыз. Сол себепті түрлі ауру жабысқақ болады. Қазіргі уақытта кәмелеттік жасқа толмай жыныстық қатынасқа түсетіндер саны артып барады. 2019-2020 жыл аралығында 16 жастағы екі қыз жүкті болып келді. Олардың жүкті екенін ата-анасы білмеді. Оларға «Менің қабылдауыма анаңызбен немесе жігітіңізбен келіңіз. Өзіңізді ғана қабылдай алмаймын» деп айттым. Содан кейін бірі анасымен, екіншісі жігітімен келді. Анасымен келген қыз сәбиін дүниеге әкелуге шешім қабылдады, ал жігітімен келген қыз сәбиіне жасанды түсік жасаймын деп шешті. Негізінде жастар жеке меншік медициналық орталық болған соң ақша беріп, түсік жасата салуға болады деп ойлайды. Тіпті «Ақша төлесем болды емес пе, жасанды түсік жасай салыңыз» деп айтатындар да бар. Оларға жасанды түсіктің зияны туралы айтып, ойынан қайтаруға тырысамын. Көп жағдайда ойларынан қайтуға ықпалымыз тиіп жатады.
? – Жалпы, біздің қоғамда қыз бала ерте жаста жүкті болып қалса да, оны қорлап кетсе де «Өзі бұзылған, жеңілтек қыз» деп біржақты айыптап жатады. Шын мәнінде бала көтеру екі адамның жауапкершілігіндегі нәрсе емес пе?
– Ең алдымен ата-ана өзі тәрбиелі болуы керек. Сәбиді өмірге әкеліп қана қоймай, оған дұрыс тәрбие бере алатыныңды сезінген кезде ғана отбасы құрған дұрыс, себебі бәрі отбасынан басталады. Әсіресе жауапкершілік балалардың анасында, өйткені балалардың қасында көбінесе анасы болады. Қызды қырық үйден тыйып отыруға, ағашқа өрмелеп шығуға, еркекшора болуға болмайтынын айтып отыруға, қыз баланы қазақтың салт-дәстүрі, тыйымдарымен өсіруге не кедергі? «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген сөздің астарын түсінбейтін ата-ана қандай бала тәрбиелейді? «Ұлым досымдай, қыздарға бірге барамыз» деген әкелерді де көрдік. Бұл не сөз, бұл не сұмдық? Баламен дос болуды осылай түсінуге бола ма? Бірде 11-сыныпта оқитын қыз емделуге келді. 10-сыныптан бастап жыныстық қатынаста екен. Бойында жыныстық жолмен жұғатын инфекция болды. Оған анасымен келуі керек екенін ескертіп едім, анасының уақыты жоқ екенін айтты. «Анаң сенің бұл қылығыңды біле ме?» деп сұрап едім, «Біледі» деді. Оның анасымен хабарласып, маған жолығуы керек екенін айтсам, «дәрігер, қызымды менсіз қарай беріңіз. Жыныстық қатынасқа түсіп жүрсе – оның шешімі, ал мен оның шешіміне құрметпен қараймын. Қазіргі заманауи жастар бәрін өздері біледі, өздері шешеді. Қызыма қарсы бола алмаймын», деді. Осындай сөздерді естігенде тіпті жаным түршігеді. Қызыңмен сырлас болу дегенді осылай түсінуге бола ма? Әке мен ұлдың, шеше мен қыздың мұндай қарым-қатынастарын азғындыққа балар едім мен.
? – Осындай әңгімелерді көз көріп, құлақ естіген кезде мектепке «Жыныстық сауат» пәнін енгізу дұрыс шығар деп те ойлап қалады екенсің...
– Жалпы мектеп бағдарламасына жыныстық сауат пәнін енгізу керек. Бұл пәнді он жастан бастап оқытуға болады, себебі он жастан бастап қыз балаға етеккір келе бастайды. Осы жастан бастап бәрін дұрыстап түсіндіру керек. Бұл пән қалай жыныстық қатынасқа түсуді емес, өзіңді қалай құрметтеуді, бей-берекет әркіммен жақындаса берудің қаншалықты зиян екенін, ол қадамға барғанда қандай жауапкершілік болуы керек екендігін үйретеді. Негізінде қыз бен ұлдың белден төмен жағына сәби кезінен бастап назар аударып, дұрыс жетілуін қадағалау керек. Сүндетке отырғызудың да мән-мағынасы тереңде, денсаулыққа қатысы зор. Қызға да, ұлға да кішкентай кезінен бастап денесін анасынан басқа ешкім ұстауға болмайтынын түсіндіру керек. Қазір бұрынғыдай бәрін түсіндіріп айтатын жеңге, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген қағида жоғалып бара жатыр. Сондықтан болар, менің қабылдауыма келіп анасына айта алмаған сырын, жан жарасын айтатындар баршылық.
? – Қыз бала тәрбиелеп отырған ата-анаға және қыз-келіншектерге гинеколог дәрігер ретінде қандай кеңес айтасыз?
– Егер өмірге қыз бала келсе – мейірім, махаббатқа бөлеп өсіріңіз. Қыз бала жатжұрттық болғандықтан ол сіздің қонағыңыз. Махаббатқа бөлеп өсіру дегенді «Кіммен жақындасса да өзі біледі, оның шешіміне құрметпен қараймын» деп түсінбеу керек. Махаббатқа бөлеп өсіру деген – әкесі мен анасы қызбала мейірімді өзгенің құшағынан іздеп кетпейтіндей етіп тәрбиелеу, көңіл бөлу, ішкі түйсігін сезіне білу. Гинекологиялық аурулардың көбі жыныстық қатынасқа ерте түсуден болады. Сондықтан әр нәрсе өз уақытымен болуы керек екенін түсініп, тұрмысқа шығар алдында бойжеткен гинекологқа, ер жігіт урологқа қаралып алғандары дұрыс.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!