Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Ұланов Мәдениет және спорт министрлігінен сыйақыны қайта есептеу бойынша сот ісінде жеңіп шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кесімді шешімді ҚР Жоғарғы сотының әкімшілік істер бойынша сот алғасы шығарған. Алтай қаласының тумасына Бразилия төріндегі төртжылдықтың басты бәсекесінде жүлде алу үшін сәл ғана жетпеген болатын. Төртінші орынмен шектеліп, сол үшін 30 мың доллар сыйақысын алды. Дегенмен оның алдын ораған румын спортшысы Габриэл Сынкреян допинг қабылдғаны үшін спорттан шеттетіліп, кейін қола медаль Ұлановқа бұйырды.
Арада уақыт өткенде зілтемірші үшінші орын үшін берілетін қаржылай сыйлыққа қол созайын деп тиісті мекемелердің есігін қаққан. Яғни, тағы 45 мың доллар алуға құқылы. Бірақ спорт ұйымдарының белсенділері «төлемақыны қарастыруға еш негіз жоқ» деп, ауыр атлеттің бұйымтайына бас қатырмады.
Десе де Ұланов дегендеріне көнбей, сот арқылы істі жеңіп шығады. Ал мәселенің нүктесін Жоғарғы соттың әкімшілік істер бойынша сот алқасы қойған. Құжатта былай делінген:
– Нұр-Сұлтан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 2022 жылдың 10 наурызындағы талап-арыз қанағаттандырылып, сыйақыны қарастырудан бас тарту заңсыз деп саналды. Сот Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігін сыйақы мөлшерін қайта қарастыруды жүктеді.
Сот алқасының шешімі осы.
Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тәжірибелі зілтемірші қазір жиырманың тоғызында. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2016 жылы Азия чемпионы атанып, 2017 жылы Универсиадада топ жарған. Елімізге Еңбек сіңірген спорт шебері.
Әділхан ЕСІМХАНОВ