Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Олжабаев Денсаулық сақтау министрлігі екпе алмағандарды балабақшаға кіргізбеу туралы қаулы шығармағанын мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысынан кейін журналист комитет басшысынан екпе алмағандардың балабақшаға кіргізілмейтіні туралы ақпараттың шын-өтірігін сұрады.
«Ондай шектеу енгізу үшін Бас санитар дәрігердің қаулысы шығуы керек. Ондай қаулы шыққан жоқ. Қазір қолданып жүрген бұйрығымызда балабақша топтарындағы екпе алмаған балалардың үлесі 10 пайыздан аспауы керектігі айтылған. Одан басқа бұйрық жоқ. Ал ол бұйрық 2020 жылғы Халық денсаулығы туралы кодекс аясында қабылданған. Сол кезден бері ешқандай өзгеріс болған жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ комитет төрағасы осы мәнде тарап жатқан ақпараттардың фейк екендігін нақтылап өтті.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында А.Ғиният тек қараша айында 6 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырғанын мәлім етті. Оның ішінде 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ министр аталған індеттен вакцина алмаудың салдарын атады.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов мұндай қауіпті вируспен вакциналаудан өзге жолмен күресу мүмкін емес екендігін атап өтті.