ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ведомствоның дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту бойынша жүргізіп отырған жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
- Барлық дәрі-дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және жалғандықпен күресуге байланысты шараларды күшейту тәрізді мәселелер бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгерістер енгізіліп, министрлікке дәрі-дәрмектің бағасын реттеу құзіретін беретін заңнама нормасы күшіне енді. Бұл норманы іске асыру үшін бағаны реттеу ережелері әзірленіп, жаппай және жекелей сатуда шекті бағаларды бекітетін бұйрық дайындалды. Заңнамадағы тәртіпке сәйкес бұйрық мақұлдауды күтіп жатыр, - деді Бюрабекова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол шілде айында Әділет министрлігі бекіткен соң бөлшектік желілерде дәрі-дәрмекті сатудың шекті бағалары пайда болатынын айтты. Осылайша дәрі-дәрмек бағасы белгіленген шекті бағадан төмен болмақ.
- Шекті бағадан қымбат болмайтыны анық. Бұл елдің барлық аумағындағы баға саясатын реттеуге көмектеседі. Бірдей аталатын дәрінің бағасы барлық жерде бірдей болады. Ал дәрі бағасы ережелерін бұзғандарға 70-тен 1000 АЕК дейін әкімшілік айыппұл салынады. Заңбұзушылық қайталанса, олардың жұмысын тоқтату шарасы қабылданады, - деді комитет төрағасы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков Қазақстандағы дәрілік шөптерден дәрі өндіру саласының қазіргі жағдайы туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Оның сөзінше, елімізде емдік шөптерден дәрі өндіру жалғасады.