Дәрі-дәрмек бөлімі ашыла ма?

416
көрілім

- Маған тегін дәрі-дәрмек алу тиесілі. Кирзавод жақта тұрғаныммен Прохладное мекенжайына қатысты отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда тіркеудемін. Ол жаққа барудың өзі айтарлықтай қиындық тудырады. Жалғыз мен емес. Біздің аудан мен Аэрорпорт жақтағы жұрт аптасына екі рет барады сол жерге. Алдымен рецепт жаздыру үшін, сосын екінші күні дәрі-дәрмек алу үшін барады. Кей кезде шалғайдағы мекемеге бармайық деп керек дәрі-дәрмегімізді жақын маңдағы дәріханалардан аламыз. Әйтеуір босқа шығындалып, сабылып кезек күтіп, жүйкемізді тоздырмасақ дейміз. Білгім келетіні, рецепт бойынша берілетіндәрі-дәрмек Кирзавод пен Әуежай маңында неге берілмейді? Не болмаса дәрігердің жазып берген рецептісі мен қажетті дәрі-дәрмек бір күнде ғана берілсе ғой.

Ердос Ринатұлы

Бұл сұраққа ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Райфа Сафиоллинова жауап береді:

– Құқықтық-нормативтік құжаттар талабы бойынша дәрі-дәрмек препараттары пациенттің тіркелген жеріне алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарда беріледі. Препараттар өңірдегі медициналық ұйымдарға жеткізу кестесіне сәйкес жөнелтіледі. Дәріхана пункттерінде қажетті дәрі-дәрмектің бар жоғын тіркелу ұйымдарына қоңырау шалу арқылы дәрігерден, медбикеден білуге болады. Сонымен қатар қосымша ақпараттар емханалардағы стендтерде, ұйымның сайттары мен бұқаралық ақпарат құралдарында берілген. Бұған қоса, толғандырған сұрақтар бойынша 1439 нөміріне қоңырау шалуға болады. Кирзавод және Әуежай мекенжайындағы пациенттерге Прохладное ауданындағы бөлімнен қызмет көрсетілмек. Дәрі-дәрмектер үнемі тиісті температурадағы жерге қойылып, басқандай көрсеткіштер бойынша құндылығын жоғалтпауы үшін арнайы орында сақталуы тиіс. Осындай талапты ескере келе, сақтайтын орынның жоқтығы және соған сай жағдай жасалмаған жерде препараттар берілуге рұқсат етілмеген. Десе де бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмекті сатып алу, оны жеткізу бойынша арнайы мониторнигтер жүргізу бойынша шаралар қолға алынып отыр.