Дерттен екпе ғана құтқарады

313
көрілім
Шартты фотосурет

Біраздан бері қазақ қоғамы екпе егуге қатысты жік-жапар болып жатқаны анық. Бір жағы ада-күде қарсы тұрса, екінші жағы екпені індетті еңсерудің төте жолы деп қарастыруда. Екі тарап та, дәйекті уәждерін алға тартуда. Десе де екпе егуге қарсы болғандарды көргенімде, елуінші жылдары біздің ауылда болған мына бір оқиға есіме түседі.

Менің әкем төлқұжаты бойынша 1950 жылы дүниеге келген. Алайда нақты қай жылы, қай айда, қай күні дүние есігін ашқанын ешкім білмейді. Өз басым атам 1946 жылы соғыстан оралып, содан бір-екі жылдан кейін туған-ау деп ойлаймын. Олай дейтін себебім, 1951 жылы біздің ауылда туысымыз Бөріхан деген кісі сүзекпен ауырып, үкімет адамдары келіп, оның үйін карантинге жапқан екен. Ауылды әлемтапырық еткен осы оқиғаның қалай болғанын әкем бізге егжей-тегжейлі айтып беріп отыратын. Егер, әкем 1950 жылы туса, бір жастағы нәресте ол оқиғаны қайдан білсін? Демек, әкем атамыз соғыстан оралғаннан соң, бір-екі жыл көлемінде дүние есігін ашқан тәрізді.

Негізі айтпағым бұл емес еді. Үлкендерден сол сүзектен қалай құтылғандары туралы сұрағам ғой. Атамның әкемнен бұрынғы ұлдары тұрмаған. Бәрі шетінеп кете берген. Алайда елуінші жылдардан кейін үкімет жаппай балаларға екпе сала бастапты. Бұрын тырысқақ, оба, сүзек, шешектен баудай түсетін ел екпе сала бастағаннан кейін індетті еңсеріпті. Жақын-жуықтарымыздың отбасында елуінші жылдардан соң бала саны күрт өскен. Әрбір үйде кемінде 7-8, алды 10-12-ге дейін бала өрбіген. Расында да, ұлтымыздың демографиялық өсуіне назар салсақ, қазақ халқы елуінші жылдардан кейін ғана күрт көбейе бастаған. Әлбетте, бұл сол кезде жүргізілген жаппай екпе егудің нәтижесі еді.

Өз басыма келер болсам, былтыр 2020 жылы індет күшіне мінгенде бір ұшып түсіп, аптадан артық уақыт ес-түссіз жатқаным бар. Әдепкіде дауасын таппай, соңыра дәрігер қарындасым ағзаға ауыр тиетін екпелерді егіп, бетін қайтарды. Өкпемнің жетпіс пайыздан астамы қабынғандықтан, бес-алты айға дейін терең тыныс алсам, көкірегім қысылып қалып жүрді. Суық су ішсем сол замат қос өкпем сыздап қоя беретін. Құйрық май жағып, спиртпен уқалап, әрең өз-өзіме келетінмін. Барынша күтініп, иммунитетті күшейтетін ас-ауқат ішіп, Аллаға шүкір, соңында әйтеуір індетті де, оның салдарын да еңсердім.

Биыл коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны басталғанда, әу баста оған өз басым қарсы болдым. Дұрысы екпеге емес, үкімет ұсынған «спутник» пен «қазвак» екпесі әлі толық тәжірибеден өтпегендіктен, сенімсіздеу болып көрінді. Осылай ойсоқты болып жүргенімде, былтыр менімен қатар ауырған азаматтардың біразы қайта вирус жұқтыра бастады. Ел аралап, жұмыс бабымен ары-бері көп жүремін, шындап ойлана бастадым. Өткен жылғы ес-түссіз күйге түскен дімкәс кейпім есіме түсті. Екпе алған тамыр-таныстардан сұрасам, ешқайсысы кері әсері байқалмағанын айтты. Тәуекел дедім де, шілденің аяғында «спутникті» салдырдым. Тамызда екінші екпені алдым. Тәңір жарылқап, ешбір жағымсыз белгі болған жоқ. Әлхамдуллаһ, қазір аттай шауып жүрмін.

Ағайынға айтарым, Алаш баласы қырқыншы жылдары халықты қырып жіберген тырысқақ, оба, сүзек, шешек секілді ауруларды екпе егудің арқасында еңсерді. Елуінші жылдардан кейінгі демографиялық өсімге екпе егудің арқасында қол жеткізді. Біз былтырдан бері талай ел азаматтарынан айырылып қалдық. Күн сайын жарияланып жатқан статистикаға қарауға қорқатын болдық. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Ендеше, үрейден құтылудың, індетті еңсерудің жалғыз жолы – екпе ектіру. Одан басқа жолды көріп тұрғанымыз жоқ. Сондықтан нар-тәуекел дейік, ағайын!

Мұхан Исахан,

Шығыс Қазақстан облыстық діни мәселелерді зерттеу орталығының теологы

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша дайындалды)