Дәурен Қуат: Аудармашылық – сол елдің әдебиетіне тартылған инвестиция

449
көрілім

Белгілі жазушы мұны Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада өткен салтанатты жиын кезінде айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кітап ордасына бүгін ел әдебиетінің бірқатар танымал өкілдері атізін салды. Бір есептен, О.Бөкей атындағы кітапхананың әдебиет, мәдениет тақырыбына қатысты келелі жиындар өткізуде тәжірибесі аз емес. Негізгі шара – Катонқарағай топырағында туған танымал жазушы, аудармашы, публицист Дидахмет Әшімханұлының өмір жолынан сыр шертетін «Сәулелі ғұмыр» кітабының тұсаукесер сәті. Әйтсе де оған дейін еліміздің бірнеше өңірінен келген жазушы, журналист, ақындар публицистің шығармашылығы мен жалпы әдебиетке бір тоқталды.

– Кейбір сөз шеберлері әңгіме айтқанда ең қызықты жерінде үзіп тастайды. Оқырман оны қайта тыңдауға құмар. Ауызекі әңгіме деген ең рахат нәрсе. Кітапта әңгіме жазған кезде барлығы сығымдалып отырады. Сені қинайды. Кітаптың сөзі көз алдыңнан кетпеуі тиіс, сөйлем болып байланысып тұруы керек. Ауызекі сөйлегенде барлығы еркін, кейде өзімше «ал, енді...» дей бере тоқтатып қоямын. Сөйтсем кітап кейіпкеріне еліктеген екенмін. Бала күнімде қызығып оқыған бұл шығарманы Дидахмет Әшімханұлы жазыпты, – деді белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат.

Тағы бір сөзінде Дидахмет Әшімханұлының аудармашылық қырына тоқталды.

– Басқасы бір бөлек те, аудармашылық өз алдына бір төбе. Аудармашы деген – қазақ әдебиетіне тартылған инвестиция. Яғни, тартып, осы жаққа алып келу. Қорландырып, байыту. Бұл сонау «1001 түн» шығармасынан бастап, Абай атамыздың шығармаларынан көрініс табады. Дидахмет ағамыз Джек Лондонмен «ауырды». Әлбетте, ауырды дегенде тікелей мағынасын айтып отырған жоқпыз. «Теңіз қорқауы» деген қалың романы бар. Соны аударған кезде соңында әрбір сөзіне түсінік береді. Біз сахараның, таудың адамдарымыз, ал олар теңіз бен мұхит маңындағы сөздерді романына енгізген. «Теңіз қорқауы» ғана емес, басқа да шығармаларын шеберлікпен аударған, – деді жазушы.