Бұл мәлімет облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері қатысқан брифинг кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл 7 ақпанда Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында құрылыстың сапасын бақылауды күшейту туралы тапсырма бергені белгілі. Облыс бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Айдын Молдабеков құрылыс саласында үлестік құрылыс, заңсыз құрылыс салуға қатысты мәселелер қордаланып қалғанын жеткізді.
- Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Дейнека» ЖШС басшылығына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлік және жалған құжаттарды пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істің тергеуін аяқтады. ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай басқа ақпарат жарияланбайды, - деді ол.
Бұдан соң кілең ресми бағыттағы ұзын-сонар сөйлемдер айтылды. Соған сенсек, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-бөлігінің 1-тармағына және ҚР ҚПК 19 бабының 1 бөлігіне сәйкес, әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады.
- Қазіргі уақытта Департамент тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысына қатысты үлестік құрылыс саласында кәсіпкерлік қызметті бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде, - деді жауапты тұлға.
Әділхан ЕСІМХАНОВ