Жүректің ишемиялық ауруын диагностикалаудың «алтын стандарты» - бүгін Алтай кардиологиялық орталығында бес адамға жасалған коронарография процедурасын дәл осылай атауда. Бұл медициналық мекеме үшін тарихи күн екендігі хақ.
Аталмыш орталықтың тарихы үш жыл бұрын, облыс әкімі Даниал Ахметов медицинаны әлемдік стандарттарға сәйкес дамытуға баса назар аударған кезде басталған. Оңды өзгерістер тек қалаларда емес, аудан орталықтарында да орын алуы тиіс-тұғын. Ал инсульт орталығы бұл жұмыстардың бастамасы болды. Нәтижесінде өңірлерге кардиологиялық орталықтың қаншалықты қажет екендігі айқындалды. Бұрындары Күршім, Катонқарағай және Алтай аудандарынан келген науқастар облыстық аурухананың кардиология бөліміне жеткізілетін. Осының салдарынан кейде ақ халаттыралар науқасқа дер кезінде көмектесуге болатын алтын уақытты жоғалтатын еді. Сөйтіп шешім қабылданып, Алтайда кардиологиялық орталықтың құрылысы бастау алды. 1 шілде күні жобаны комиссия бекітті.
Бүгін бірден бес адамға, ең жас пациент 37 жаста, ал жасы үлкені 65 жаста – коронарография жасалды. Осының көмегімен адам жүрегі тамырларының табиғатын, орналасуын және тарылуын дәл анықтауға болады. Бұл кардиохирургтерге емдеудің ең қолайлы әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Алтай ауданының орталығында ең заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Оның ішіндегі ангиограф ірі клиникалардың бәрінде бірдей бола бермейді. Соның арқасында коронарографияны пациент үшін мүмкіндігінше ыңғайлы етіп жасауға болады. Бүгін процедура барысында кардиохирургтар пациенттермен сөйлесіп, олардың өздерін қалай сезінетіндіктерін егжей-тегжейлі сұрады. Зерттеуден кейін пациенттер бірауыздан дәрігерлерге ризашылықтарын айтып, ыстық ықыластарын жеткізді. Десе де коронарография Алтай кардиологиялық орталығы мүмкіндіктерінің кішкентай бөлігі ғана. Жаңағы бес пациенттің екеуіне стенттеу – коронарлық тамырды кеңейту үшін «белдеу» қойылды.
Бұл медицина тілімен айтқанда. Ал қарапайым сөзбен жеткізсек, стент адамдарды жүректегі ауырсынулардан құтқарып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді. Жасыратыны жоқ, қазірде жүрек және қан айналымы жүйесінің аурулары обыр ауруынан озып, әлемде бірінші орын алады. Сондықтан дәрігерлердің «біз осындай оталарды жасауға әзірміз. Басқа аймақтар мен қалалардан пациенттерді қабылдауға да дайынбыз. Әркімнің өмірі біз үшін қымбат» деген сөздерінің маңызы зор. Демек науқастарға ең заманауи және сапалы көмек уақытылы көрсетіледі.
Бүгін Алтай кардиологиялық орталығындағы барлық хирургиялық отаның жаңаша әдіс-тәсілдерін Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігері – Қуатжан Әбішев жасады. Оның ассистенттері жергілікті дәрігерлер мен операциялық медбикелер болды. Олар қазірдің өзінде жаңа техникамен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренген. Сонымен қатар мұнда басқа клиникалардың дәрігерлерін қабылдауға еш қиындық жоқ: тұрғын үймен және жұмысқа қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етуге бар мүмкіндік жасалған. Тіпті кешегі интерндер Алтайға жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, адамды ажалдан құтқарудың қалай болатындығын сезіну үшін келе алады.
- Шынын айтқанда, біз бүгін балаша қуандық, - деді Алтай ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Владимир Коробкин. - Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауының арқасында осында бірегей орталық ашылып қана қоймай, сондай-ақ емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданның медицина саласы бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуде. Біз көмекке мұқтаж науқастардың барлығына қолұшын созуға дайынбыз.
Алтай кардиологиялық орталығы жақсыдан үлгі алудың қаншалықты маңызды екендігінің жарқын мысалы. Бәлкім қазіргі уақытта Қазақстанның басқа ешбір аймағында медицина әлеміндегі соңғы тенденцияларға сәйкес жабдықталатын осы сынды медициналық мекеме жоқ шығар. Ота бөлмесінің заманауи жабдықталуы тек жүрекке ота жасауға ғана емес, бас миындағы қан ұйығын және дененің сырқат немесе зақымданған басқа бөлшектерін алып тастауға мүмкіндік береді. Яғни оны әмбебап деп атауға барлық негіз бар. Ал бүгін 4 ер адам мен 1 әйелдің өмір сапасының жақсаруы – осының дәлелі. Бүгінгі жасалған ота одан да үлкен жетістіктер мен жеңістерге алғашқы қадам. Осындай кардиологиялық орталық Аягөзде де жұмысын бастады.