Дінаралық келісім – рухани дамудың кепілі

5825
көрілім
Шартты фотосурет

Дін қашан да қоғамның, мемлекеттің, адамның өмірінде дүниеге деген толымды көзқарас пен илаһи сенімдер жүйесі ретінде маңызды орын алып келеді. Дін – қоғамдық феномен болғандықтан, жалпы халық пен мемлекет тұтастығы үшін оның өзектілігі қашанда жоғары. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі діни және дінтанулық білім жүйесі біріншіден, мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, екіншіден, қоғам сұранысына, үшіншіден, заманауи бағдарлар мен даму болашағын ескере отырып, білім жүйесіне жасалатын объективті талдауларға сүйенеді.
 

Осы негіздерге сәйкес қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттей отырып, оның дүниетанымдық көзқарастарын ғылыми тұрғыдан байытатын, рухани-мәдени құндылықтарының сақталуы мен дамуына жағдай жасайтын зайырлылық ұстанымы – мемлекеттің рухани дамуының кепілі.
Дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайту, діндер үнқатысуын қамтамасыз ету, діни тағаттылықты (толеранттылық) дамыту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып отыр. Осы басымдықтарды сапалы деңгейде жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі қалыптасты.
Қазақ елі дінаралық қатынас саласында мемлекеттік сарабдал саясат жүргізіліп келеді. Қазақстанда дінаралық қатынас саласында төмендегі факторлар шешуші роль атқаруда:
- елдің Конституциясы мен заңдары ар-ождан бостандығы мен діни сенімді қорғауға кепілдік беретіндігі;
- мемлекет тарапынан конфессиялардың өз қызметтерін жүзеге асыруы үшін тең және қолайлы жағдай жасалуы;
- дінаралық сұхбаттың мемлекет саясатының маңызды бағытына айналуы.
Конфессияаралық қатынастар саласындағы салиқалы мемлекеттік саясаттың негіздері: біріншіден – ырықтандырылған (либералдық) заңнамалар, екіншіден – барлық діни нанымдарға төзімділікпен қарау, діни тағаттылық (толеранттылық) және үшіншіден – діни пікірлердің, діни көзқарастың алуандығы (плюрализм) болып отыр. Осы үш шарт тұтастай алғанда Қазақстандағы дінге сенушілердің құқығын, дінді ұстану бостандығы қағидатын, рухани бірлікті нығайтуды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде. Еліміздегі дінге сенушілердің құқықтық жағдайы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Осы бағыттағы білікті саясат нәтижесінде қазіргі таңда «Дінаралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық үлгісі» деген ұғым қолданысқа еніп отыр.
Ұлттар мен діндер арасындағы өзара тағаттылық мəдениетін дамыту, ұлтаралық жəне дінаралық келісімді қолдау жəне дін мен ұлт мəселесіне қатысты қақтығыстардың алдын алу мəселесі ұлттық саясаттың ақпараттық қамсыздандыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісі бірнеше негізгі қағидаттарға, яғни мемлекеттік саясат негізге алатын идеялардың, ұстанымдардың өзара тəуелділігіне сүйенеді.
Оның ішінде маңыздылары ретінде төмендегілерді көрсетуге болады:
- ождандық бастамаларда гуманизм, əділеттілік жəне адамгершілікті ұстану;
- өзара көмек пен қолдау;
- қайшылықтардың алдын алу шараларын қарастыру жəне т.б.
Көптеген зерттеулер мен өмірлік тəжірибе көрсетіп отырғанындай ұлттар арасындағы келісім мен татулық этностардың өзара түсіністігі жағдайында ғана қол жеткізіледі. Бұл бағытта мəдениеттер арасындағы диалог қоғамның өзара тағаттылығын арттырады.
Қазақстанның дінаралық келісім үлгісі мен тәжірибесі конфессиялардың ұдайы үнқатысуының негізінде бейбіт қатар өмір сүрудің мүмкін екенін айқын көрсетеді. Бұл орайда тағаттылық қағидатының маңызы зор.
Өзара тағаттылық (толеранттылық) – басқалардың діни сеніміне мәмілегерлікпен ғана емес, құрметпен де қарау, өзге діни нанымдарды шеттетпеу. Толеранттылық терең мағыналы ұғым ретінде қоғамдағы демократия, адам құқықтары мен бостандығы, диалог мәдениеті, мәдениетаралық байланыс, саяси плюрализм, этикалық плюрализм, мәдени плюрализм ұғымдарымен тығыз байланысты. Бұл ұғым қазір әлеуметтік, жеке, саяси, құқықтық, идеологиялық, коммуникативті, этикалық, дүниетанымдық, психологиялық, медициналық-биологиялық, діни-конфессиялық, ұлттық-этникалық, гендерлік, нәсілдік, педагогикалық, тұрмыстық, тағы басқа салаларда кеңінен қолданылады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев: «Біздің ұлы даламыз мыңдаған жыл бойы толерантты болып келді. Бұл ретте мен толеранттылықтың бассыздық емес екендігін атап өткім келеді. Толеранттылық бұл – біздің қоғамның адамгершілік нормалары. Оларды біз нығайтып, қорғап, барлық буындарды тәрбиелейтін боламыз» деп атап өткен болатын.
Тағатты мінезді тәрбиелеу мен дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат дінді ұстанатын және ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара тағаттылық пен құрмет қатынастарын орнатуға септесуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді ұлтаралық және дінаралық диалогтың институты құрылды. Еліміздегі көптеген конфессиялардың басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері болып табылады. Олардың қоғамдық-саяси шараларға қатысуы, өз қауымындағы сенуші азаматтар мүдделерін жергілікті және жоғары биліктер назарына ұсынуы дәстүрге айналды.
2003 жылдан бері елімізде үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп келеді. Елордамыз дүние жүзіндегі барлық діндер өкілдерінің басын қосып, ортақ мәмілеге шақыратын рухани орталыққа айналды. Съездерге бүкіл әлем көз тігіп, оның бейбітшіл бағыты мен татуластырғыш әлеуетіне үлкен мән беріп отырғанының айғағы ретінде съезде қатысуға тілек білдірген ірі діни бірлестіктер санының күрт өсуін атап айтқан жөн.
Діннің еліміздегі бірліктің бір діңгегі әрі рухани тірегі болуына ел Президенті мен Үкіметі тарапынан ұдайы назар аударылып келеді. Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз бола отырып, бір-бірімен тығыз байланыста іс-қимыл жасауда. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында сенімді байланыс, сындарлы қарым-қатынас орныққан.
Қазақстанда этносаралық және дінаралық келісімнің тұрақты моделі қалыптасқанымен, ол мемлекет, азаматтық қоғам, оның ішінде діни бірлестіктер тарапынан үздіксіз қолдау көрсетіп отыруды қажет етеді. Түрлі наным-сенімді ұстанатын әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған Қазақстан халқының келісімі мен ынтымақтастығы оның саяси тұрақтылығының нығаюына, экономикасы мен әлеуметтік жағдайының кемелденуіне бастайтын жол екені даусыз.

Ермек Мұқатай,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы


Облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді