Қазақстанда дінаралық және конфессияаралық диалогтың озық үлгісі қалыптасқан, бізде 130-дан астам этникалық және 18 конфессиялық топтың өкілдері тұрады. Көпэтноконфессиялы еліміздегі бейбітшілік пен келісім, мәдениеттер мен діндердің бірегей диалогы әлемдік қоғамдастық тарапынан, әлемдік және дәстүрлі діндердің беделді көшбасшылары тарапынан мойындалған.
Конфессияаралық келісім саласындағы қазақстандық тәжірибе – бірегей. Елімізде дәстүрлі ислам және христиан бірлестіктерінен бастап бұрын елде болмаған жаңа діни ілімдерге дейінгі діни бірлестіктердің кең спектрі ұсынылған. Түрлі көзқарастардың, дәстүрлер мен мәдениеттердің саналуандығына қарамастан Қазақстанда діни негіздегі қақтығыстар болмаған.
Қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни дәстүрлерді жаңғырту және дамыту – салмақты әрі сындарлы мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Әлеуметтік сауалнамалардың деректері көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан азаматтардың көпшілігі елдегі діни жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Бұл көрсеткіштер мемлекеттің дін саласында қабылдап жатқан шараларының нәтижелілігін және дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары жұмысының тиімділігін көрсетеді.
Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітетіні көрсетілген, соған сәйкес мемлекет бүгінде дін саласындағы өз саясатын іске асырып келеді. Алайда қазіргі әлем объективті және субъективті факторларға байланысты дүниетанымдық тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да дәуірлік өзгерістерді өткеруде. Бұл мән-жайлар тұтастай алғанда орныққан басымдықтар мен құндылықтардың жойылуына, сондай-ақ әлемдік ауқымдағы, оның ішінде дін саласындағы жаңа қауіп-қатерлердің туындауына алып келеді.
Қазіргі қазақстандық қоғам өмірінде діни фактор маңызды артып келеді. Негізінен өңірлік және конфессиялық бөліністегі діни бірлестіктердің саны қарқынды өзгеруде, ел өңірлерінде заңсыз миссионерлік қызметпен, діни әдебиетті таратумен, вакцинациялаудан бас тартумен және жалпы білім беретін мекемелерде діни атрибуттарды тағып, киіп жүрумен байланысты кейбір мәселелер өзекті болып барады.
Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстың қалалары мен аудандарында ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Оларға түрлі қызмет салаларының мамандары енеді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қоғамда маңызы зор. Біріншіден, халықта әрдайым зайырлылық және діни мәселелер бойынша толық, ең бастысы, сенімді ақпарат алуға сұраныс бар. Бұл мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың нығаюына әсер етеді. Екіншіден, түсіндірудің маңызы зор, өйткені бұл жұмыстың басты бөлігі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу болып саналады. Бұдан басқа, ақпараттандыру мемлекеттік саясаттың түрлі бағыттары бойынша оң қоғамдық пікір қалыптастыруға көмектеседі, ал бұл – саламатты азаматтық қоғамның кепілі.
Айта кетерлігі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Негізгі бағыт – дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, оның аясында топтар дөңгелек үстелдер, жастар арасындағы акциялар, түрлі дәрістер мен семинарлар түрінде іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл дәстүрлі емес діни ағымдардың радикалды идеологиясының халық арасында таралуының алдын алуға тікелей әсер етеді.
Екінші бағыт халықтың әлеуметтік осал бөлігіне қатысты. Бұл бағытта халықты вакциналау мәселелері бойынша түсінік беретін әлеуметтік қорғау мамандары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, теологтар, психологтар жұмыс жүргізуде.
Үшінші бағыт – түзеу мекемелеріндегі сотталғандар арасындағы профилактикалық жұмыс. Қоғамның дәл осы бөлігінде радикалдану қаупі жоғары екені белгілі.
Осылайша дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын түсіндіру бойынша жүргізілетін кешенді жұмыс халықтың әртүрлі топ өкілдерінің дін саласындағы базалық білімін қалыптастыруға және хабардарлығын арттыруға, діни қызмет саласындағы құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру арқылы құқықтық этика мен мәдениетті тәрбиелеуге, конфессияаралық және конфессияішілік негізде әлеуметтік қақтығыстардың алдын алуға, халықты елде тіркелген діни бірлестіктердің қызметі туралы хабардар етуге, қоғамда деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясының таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Мақсат Өмірханов,
облыстық Дін істері басқармасының
дін мәселелерін зерттеу орталығы
Семей қаласы бойынша ақпараттық-түсіндіру және консультациялық көмек бөлімінің меңгерушісі