Өскеменде наурыз айы басталғалы түрлі шаралар қолға алынды. Достық үйінің директоры Елдар Төлеубековтің сөзінше, мемлекет тұтастығы этностардың ауызбіршілігімен сабақтасып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1-ші наурыз Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқы Ассамблеясының туған күнінде телекөпір ұйымдастырылып, кешкісін салтанатты шарамен жалғасты.
– Қазақстан көпұлтты ел болғандықтан оның ішкі тұтастығы татулықтан басталады. Танымдық шаралардың талайы қазақ халқының, түрлі этностардың басын қосып, бір-бірлерінің салт-дәстүрлерін құрметтеуге негіз. Алғыс айту күні қарсаңында ән айтылып, қойылым сахналанып, небір би түрлері ұсынылып жатыр. Осы арқылы елге алғыстарын жеткізіп, керек кезде бір-бірлеріне тілекші болады. Этномәдени бірлестік өкілдері осы күндері өңірдегі мұқтаж жандарға өздерінің материалдық көмектерін көрсетіп жатыр. Соның бәрі Ассамблеяның туған күні қарсаңында, жарасымды сипатта жалғасты, – деді Елдар Төлеубеков.
Шараны ұйымдастырушылар бір ел, бір мүдде аясында ғана түрлі белестерді бағындыруға болатынын жеткізді. Бұл ретте облыс жұртын ырғақты қимылдарымен қуантып жүрген «Вайнах» хореографиялық ансамблі қазақ халқына алғыстарын білдіру мақсатында қазақ биін ұсынды. Вайнахтар бұл жаққа қоныс аударған жылдары алмағайып кезең ұзаққа жалғасып, қиын сәттер артта қалғалы тау халқы риясыз ризашылықтарын жеткізіп келеді. Бағдарлама аясында ұлттар достығын жалғап жүрген әр этностың өкілдері Алғыс хаттармен мараптталып, Достық үйінің басшылығы атынан құттықтау алды. Одан бөлек, әралуан концерттік нөмірлер ұсынылып, салтанатты шара меймандарға керемет көңіл-күй сыйлады.
Елдар Төлеубековтің сөзінше, Алғыс айту күні келер жылы да ауқымды деңгейде атап өтілмек.